Түбіртектегі 10 пайыз: дәмханадағы қызмет үшін артық төлемге тыйым салынбақ

Almaty TV
Almaty TV

Бұл бастаманы Сауда министрі Арман Шаққалиев қолға алды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Дәмханаларда көрсетілетін қызмет үшін 10 пайыз төлем алуға заңмен тыйым салынуы мүмкін. Бұл бастаманы Сауда министрі Арман Шаққалиев қолға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дәмханаларда көрсетілетін қызмет үшін 10 пайыз деген жазуды Сауда министрі Арман Шаққалиев тұтынушының екі рет ақша төлеуі деп түсінеді. Шенеуніктің сөзінше, кәсіпкер ұсынатын асы мен қызметінің құнын әуел баста мәзірге жазып қойған.

– Ішкі сауда ережелеріне өзгерістер дайындап жатырмыз. Біздің ойымызша, егер сізге қызмет ұсынылса, оның құны көрсетілсе, қосымша ақы алынбауы керек. Шайпұл мен әртүрлі жарналарды мәжбүрлеп төлеуге қатысты мәселе болып отыр. Бүгінде түбіртекте 10 пайыз міндетті атрибут ретінде көрсетілген. Шайпұлды алып тастауды көздейтін өзгерістерді дайындап жатырмыз, – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

 

Ал, қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының өзіндік есебі бар. Олардың айтуынша, әлгі түбіртекте жазылатын 10 пайыздың 7 пайызы даяшының қалтасына түседі. 2,1 пайызы даяшының табыс салығына кетеді. Ал бөлшек салыққа 3 пайыз жұмсалады екен. Сонымен қатар, даяшының киімі мен оны оқыту жұмыстары тағы бар. Осының барлығын қосқанда әлгі 10 пайыздан да көп ақша кететін көрінеді.  

– Бұл өзгеріс енгізілсе, бүкіл дәмханалардағы тамақтың құны 10 пайызға қымбаттайды. Себебі кәсіпкер даяшыға беретін айлықтың ақшасын шығару керек. Ал тамақ қымбаттаса, тұтынушының қалтасына ауыр тиеді. Оның үстіне, жеткізу қызметін қолданатындар 20 пайызға қымбат алатын болады, – деді Қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының төрағасы Вероника Нұрпейісова.

Ал Астанадағы дәмханалардың бірінің иесі Асқар Тоғызбаев өзгеріске қарсы емес. Бірақ талап бүкіл дәмханаға бір уақытта қойылғаны дұрыс санайды. Кәсіпкер «қызмет үшін 10 пайызды түбіртектен алып тастап, ас бағасын 10 пайыз көтеру дұрыс емес» дейді.

– Шет мемлекетте түбіртекке қызмет үшін 10 пайыз қосу деген түсінік жоқ. Оларда шайпұл клиенттің қалауымен беріледі. Ел арасында бұл үғым  енді дамып келеді. Ал қызмет үшін 10 пайызды алып тастасақ, ұсынатын ас бағасын 5 пайызға көтереміз де, 5 пайыз табысымыздан айырыламыз. Министр айтқан ереже барлығына бірдей енгізілсе, өзгеріске келісемін, – деді кәсіпкер Асқар Тоғызбаев.

Дәмханалар мен мейрамханалар жақсы көретін «депозит» мәселесі де қарастырылады. Егер бірыңғай ереже орнатылса, онда тамақтану орындарының әкімшілері сізден алдын ала төлем сұрай алмайды. Сауда министрі Арман Шаққалиевтың айтуынша, бұл өзгерістер қазір дайындалып жатыр. Қазанда қоғам талқысына шығарылуы мүмкін.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Атырауда маусымдық аллергия өршіп тұр

Новости партнеров