Алматы тауларындағы мореналдық көлдердің жағдайын жан-жақты бағалау мақсатында «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі мен Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы аэровизуалдық тексеру жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласының аумағында барлығы 45 морена көлі бар, оның ішінде 15 көл қауіпті болып саналады. Таудағы мұздық көлдерге әуеден шолу жасау барысында, мұздық мореналдық көлдердің қысқы режимнен шығып жатқаны мәлімделді. Көлдерге аз көлемде су толуда, су деңгейі ең төменгі мөлшерде.
«Үлкен Алматы өзені бассейніндегі №13 көлде сифон құбырлары арқылы су босатылады. Олар су деңгейі көтерілген кезде автоматты түрде іске қосылады. Биыл мореналық көлдерді босатудың алдын алу жұмыстары Қарғалы, Ақсай, Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің бассейндерінде орналасқан жарылуға қауіпті 7 морена көліне жоспарланған. Осы мақсатқа республикалық бюжеттен 39 миллион теңге бөлінді. Жарылуға қауіпті болып саналатын мореналық көлдерге алдын алу жұмыстары 15 маусымнан басталады. Оларды іске асыру үшін жоғары қуаттылығы бар 9 сорғы, 10 тұрғын үй модулі, сифон құбырлары және басқа да қажетті техникалық ресурстар әзірленді»,– делінген ТЖД хабарламасында.
Сондай-ақ, өткен жылы сел пайда болған Қарғалы өзені бассейніндегі №1 көлде су мөлшері төменгі деңгейде болғандықтан, қауіп тудырмайды. Ол үшін аталған бассейнге су ағатын арна салынады, оған 14 миллион теңге қарастырылған.
«Биыл Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендері бассейндерінде сел қауіптілігін бақылайтын автоматтандырылған жүйе құрылысының 2-ші кезеңі басталды. Былтыр бірінші кезеңде 10 станса салынды. Ал биыл тағы 21 стансаны іске қосу жоспарда»,– делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі және Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен сел жағдайы мен морена-мұздық кешендері тұрақты қадағаланып отырады.