Ауа райының нашарлап, ақтүтек боран болуына байланысты Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан ұшатын және халықаралық әуежайға беттеген рейстер кешіктіріліп жатыр. Бұл туралы әуежай баспасөз қызметінің PR-менеджері Жеңіс Ахметжанов мәлімдеген болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Желдің екпіні күшеюі себебінен ұшу қауіпсіздігі мақсатында әуе кемелерін мұздануға қарсы сұйықтықпен өңдеуге болмайды. Қазіргі уақытта басқа қалалардан 9 рейстің кешігіп келуінен ұшақтардың ұшу уақыты шегерілген. Атап айтқанда, Fly Arystan әуекомпаниясының Павлодар мен Мәскеу 2 рейсі және «Эйр Астана» әуекомпаниясының - Алматы-Шымкент - 4 рейсі, сондай-ақ, Қызылорда, Ақтөбе, Орал рейстері кешігеді деп күтілуде. Тағы да «Эйр Астана» әуекомпаниясының Алматыға төрт рейсі және «Аэрофлот» әуекомпаниясының Мәскеуге бағыты бойынша бір рейсі жолаушыларды уақытында жеткізе алмай отыр. Бірақ, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмыс жасауда.