Сенат депутаттары вейпке тыйым салатын заңды қайтарды

14.03.2024 21:35

Сенатор вейптерге сұраныс арттыруға бағытталған түрлі іс-шараларға тыйым салуды ұсынды

Сенаттың баспасөз қызметі / пресс-служба Сената Парламента РК

Сенат депутаттары вейпке тыйым салатын заңды Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін жоғары палата өкілдерінің жалпы отырысында денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңның екінші оқылымы қаралды. Сенатор Айнұр Арғынбекова вейптерге деген сұраныс пен қызығушылықты арттыруға бағытталған түрлі іс-шараға тыйым салуды ұсынды. Сонымен қатар құжатта кейбір норманы алып тастау керек екені де жазылған.

– Заңда шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің, яғни вейптердің, оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жауаптылықтың заңмен белгіленуіне байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен электрондық тұтыну жүйелері мен оларға арналған сұйықтықтарды сату, пайдалану, демеушілік көрсету үшін жауаптылықты регламенттейтін нормаларды алып тастауды ұсынамыз, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова.

Осылайша, сенаторлар заңға нақты екі өзгеріс енгізіп, құжатты Мәжіліске қайта жіберді. Енді төменгі палата мұндай ұсыныспен келіссе, Парламент өзгерісті бекіткен болып, ол Президентке жөнелтіледі.

Оқи отырыңыз: Жол азабы: Павлодар жұрты жол сапасына наразы