Алматыда былтыр жеке сектордағы үйлерде 650-ге жуық өрт болған. Басты себеп - тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы. Осыған орай қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері «Жас Отан» жастар қанатының еріктілерімен бірлесіп рейд жүргізді. Шараны ұйымдастыруға қайғылы оқиғалардың жиілеуі себеп болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Рейдтік шара Алатау аудандық тұрғын үйлерді тексеруден басталды. Қызметкерлер тұрғындарды өрт қауіпсіздігімен таныстырып, пештерді тексерді. Көбі жарамсыз күйде. Ал, бұл өрттің шығуына тікелей себеп дейді мамандар.
Инспекторлар кейбір үйлерге екінші рет келіпті. Себебі, тұрғындарға қанша түсіндіру жұмыстарын жүргізссе де, өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Соның бірі - Нұриддин Танабаев. Пешті дұрыс орнатпағандықтан мұржалары бітеліп қалған. Мұның аса қауіпті екенінен хабарсызбын деп ақталды.
Мамандар Нұриддиннің үйіне өрт жағдайының алдын-алуға көмектесетін газға арналған датчик орнатты. Бұл құрал үй ішінде қандай да бір түтін немесе газ пайда бола бастағанда дабыл қағады. Сәйкесінше, дабыл шыққан аймақтан өрт сөндірушілерге белгі келіп түседі. Өрт шыққан жерге неғұрлым ерте аттансақ, соғұрлым адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік зор дейді құтқарушылар.
Қалалық төтенше жағдайлар қызметкерлері бір күннің ішінде 2 мың үйді аралап шықты. Пештерін дұрыс орнатпайтын, бітеліп қалған мұржаларын дер кезінде тазартпайтын қала тұрғындары тым көп екен. Пешке таза ауа жеткіліксіз болғандықтан, үй ішінде улы газ жиналып, соңы қауіпті жағдайға әкеліп соғады. Мамандар тілсіз жаудың көп болу себебін тұрғындардың газ жабдықтарын дұрыс қолданбауы мен нормативтік техникалық талаптарға сай келмейтін құрылғыларды қолдануымен түсіндірді.
«Қала бойынша 2018 жылы жер үйлерде 727 өрт оқиғасы болды. Ал, 2019 жылдың нәтижесіне келер болсақ, ол сан азайды. 664 оқиға. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға төмендеді. Мұндай нәтиже алдын-алу жұмыстарын жүиелі жүргізуіміздің әсерінен деп білемін», - деді қалалық ТЖД басшысының орынбасары Арман БАЙГЕЛОВ.
305 адамнан құралған арнайы штаб қызметкерлер тобы екі күн демалыста қаладағы басқа да аудандарда рейд жүргізді. Нәтижесінде 8 мыңан астам үйді аралап, тұрғындарды хабардар етті. Алайда 8 мың үйдің барлығына газға арналған дачикті қою мүмкін емес дейді. Төтенше жағдайлар департамаменті қызметкерлерінің айтуынша, жыл басынан бері 1000-нан астам осындай құрал сатып алынған. Оның 400-ден астамы тұрмысы төмен отбасылардың үйіне орнатылыпты. Осыған сәйкес, жыл басталғалы 16 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы айымен салыстырғанда 27 пайызға аз.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы