Екінші Дүниежүзілік соғыста мерт болғандарды Алматы жұртшылығы да еске алды. Қала әкімі Бауыржан Байбек бұл күннің маңыздылығына тоқталып, қатары сиреген соғыс ардагерлерін құттықтады деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала әкімі 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Ол өз сөзінде батырлық танытқан ардагерлеріміз кейінгі буынға отансүйгіштіктің биік үлгісі болып қала беретінін айтып, орны толмас қасіретпен келген жеңісті жас ұрпақ жете түсінуі тиіс деді. Ал майдан даласында жанын пида еткен боздақтарды еске алу бір күнмен шектелмейді.
«Бүгін Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 74 жыл. Арада қаншама уақыт өтсе де бұл күн көмескі тартпайды. Маңызы кемімейді. Заман өтіп, ұрпақ ауысса да адамзат тарихындағы бұрын соңды болмаған осы сұрапыл соғыстың ауыр салдары майдангерлердің жанкешті ерлігі мен тылдағы ерен еңбек ешқашан ел жадынан өшпейді», - деді Алматы әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Қала басшысы адамзат тарихындағы ең дүлей шайқасқа қазақ жерінен 1 миллион 800 мың адам аттанғанын тілге тиек етті. Соның тек жартысы ғана елге оралған. Өкініштісі сол, сұрапыл соғыста оқ пен оттың арасынан аман қалған ардагерлердің саны жыл санап сиреп барады. Қазір елімізде Ұлы Отан соғысының 1425 ардагері бар екен. Оның 268-і Алматы қаласында тұрады. Бүгін саябаққа жиылған ардагерлер майдандастарын еске алып, сұм соғыстың болмауын тіледі.
«Биыл жеңістің 74 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Ұзағынан болсын. Шүкір, аспан ашық, соғыс жоқ, ел тыныш. Бейбітшілікті мәңгілікке сақтайық», - дейді ҰОС ардагері Жаңбырбай КЕРІМҚҰЛОВ.