Жаңа баспана алудың жаңа жолы ашылды. Енді азаматтар 30 пайыздық бастапқы жарнамен пәтер сатып ала алады. Жас мөлшері мен қызметтік санаты маңызды емес деп саналған бағдарлама қазір ел ішінде тиімді болып, сұраныс көбейе бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір тиынын жиып, тиімді бағдарлама іздеген салымшы көп. Бірақ бағдарлама аз. Ал бары барлық санатты қамти бермейді. Отбасылық жағдайы, белгілі бір қызметі мен жас мөлшеріне қойылған шектеу аталған топтарға жатпайтындардың тұрғын-жай алуын тежеген еді. Сондықтан болар, Ифрат сынды көп азамат баспана алуда көп бас қатырады.
«Тиімді бағдарламаны ұзақ іздедім. Лайығын тапқан күннің өзінде 1 апта ойланып, шешім қабылдадым. Қазір құжатымның қабылданғанын біліп, келісімшарт жасастым. Шынын айтқанда, әрекет еткен адамға жол көп, тек оны таба білу керек. Оның үстіне, жаңа бағдарламалар ашылып жатыр екен. Мұның өзі мемлекеттік банк болғасын, қорықпай қадам жасауға болады деген сөз», – деді қала тұрғыны Ифрат Воложаев.
Елге енді ғана таныла бастаған бағдарламаның шартын білдік. Түсініктірек айтсақ, мұнда салымшының жас мөлшері мен қызметіне шектеу қойылмайды. Пәтерді «Отбасы банк» ұсынған 10 тұрғын үй кешенінің бірінен таңдау керек. Несие механизмі жылына 7 пайыздық мөлшерлемемен 25 жылға дейін беріледі. Ал алғашқы жарнасы – 30 пайыз. Қалған сома – құрылыс компаниясы мен банк тарапынан өтеледі. Тиісті шарт орындалған соң, салымшы несие мерзімін өз қалауына сай қысқарта алатын мүмкіндікке ие. Тұрғын үйді 100 млн теңгеге дейін таңдауға болады.
«Бұл бағдарламаның аясына барлық тұрғын үй кешені келе бермейді. Тек келісім жасаған ТҮК сәйкес болады. Алматы қаласында құрылыс компаниясымен келісім жасалып, 10 тұрғын үй кешені кіргізілді. Онда шамамен 850-860 пәтердей бар, оларға осы 30 пайыздық жарнамен сатып алу мүмкіндігі бар», – деді «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова.
Негізі, аталған бағдарлама былтыр басталыпты. Нақты шарты бекітіліп, серіктестер анықталған соң ел ішінде жаңа ипотекаға деген сұраныс артқан. Әзірге, бағдарламаның мерзімінде шектеу жоқ. Филиал директоры азаматтардың қажеттілігіне орай, жобаны дамытуды жоспарлап отыр.
«Қазақстан бойынша 2 миллионға жуық клиент бар. Сонымен қатар, күнделікті тек Алматының өзінде 100-ден астам адам депозит ашып, ақша жинауды бастайды. Бұл яғни, күніне 150-160 адамға дейін қоныс тойын тойлауда», – деді «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова.
Жаңа бағдарлама жүйеге ене салысымен, үй алып, кереге кеңейтсем дейтіндер көбейген. Мәселен былтырдың өзі 80 мың адам ел бойынша қоныс той тойлапты. Егер бағдарлама сұранысқа ие болса, бұл көрсеткіш әлі де көбеймек.
Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы