Жаңа жыл игі істермен басталуы тиіс. Осылай деген қоғам белсенділері 2020 жылды ағаш отырғызудан бастады. Алатау ауданының «Саялы» ықшамауданында «Табиғат» экологиялық одағының ұйытқысымен қалалық Жасыл экономика басқармасы және Алатау ауданы әкімдігінің қолдауымен 80-ге жуық қарағай ағашы отырғызылды. Іс-шараға 60-қа жуық қала тұрғыны қатысып, ауданымыздың дамуына өз үлестерін қосты. Акцияға қала тұрғындары жаппай атсалысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1 қаңтар күні 33 түп ағаш егілсе, 5-і күні тағы 40 түп қарағай отырғызылды. Жалпы биыл, игі шара кең ауқымда жалғасын табады деп жоспарлануда.
Қыстыгүні егілетін биіктігі 3 жарым метрлік қарағайлар Алатау ауданындағы жас «Саялы» ықшам ауданы маңына егіліп басталды. Алматы әкімшілігінің қолдауымен, қала тұрғындары мен қоғам белсенділерінің атсалысуымен қолға алынған шара шеңберінде қазірдің өзінде 73 түп ағаш отырғызылды.
«Қыста жер қатқан кезде ағаштар егілетін. Сол ағаштарды қазір егіп жатырмыз. Қала тұрғындары қатысып жатыр. Әр тұрғын, Алматыда тұратын адамдар осы біздің шарамызды қолдаса, ағаштар ексе, 78 гектарда үлкен қайың тоғайы болайын деп тұр», – деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Олжас ЖАНЫСБАЕВ.
Аталмыш акцияға қатысқан «Табиғат» экологиялық одағы жуырда елімізде орын алған ұшақ апатынан қаза тапқандардың құрметіне болашақта аллея ашуды көздеп отыр. «Егілген әрбір түп ағаш сол опатты жағдайда өмірі кесілгендердің есімін мәңгі есте сақтау үшін қажет», – дейді олар.
«Бізді қала әкімдігі қолдады. Осындай шараны жүзеге асыру үшін бізді қолдап, арнайы аймақ бөліп беруін сұрап, қала әкімінің өзіне үндеу жолдаған болатынмын. Оған қоса, жуырда ұшақ апаты орын алды. Бұған байланысты, «Табиғат» экологиялық одағы әуе апатынан қаза тапқандардың құрметіне аллея ашсақ деген шешім қабылдадық. Бұл еліміз үшін орны толмас қаза. Сондықтан сол кісілердің атына аллея ашуды жоспарлап отырмыз», – деді қоғам белсендісі Тимур ЕЛЕУСІЗОВ.
Күннің суықтығына қарамастан, мұндай игі бастаманы қолдап келгендер көп болды. Тіпті, бала-шағасын ертіп әкелген аналар да ағаш егу ісі жасғасын тапса екен дейді.
«Мені өз отбасымның денсаулығына алаңдаймын. Сол себепті осында келуді жөн көрдім. Қаламыздың экологиясының жақсаруына сәл де болса үлесімді қосқаным үшін мақтанамын. Баламды да алып келдім бүгін», – деді Әсел СЕРҒАЗЫ.
«1-і күні басталған акция әлі де болса жалғасын табады», - деді ұйымдастырушылар. Мұндай шаралар барша алматылықтарға үлгі болуы тиіс.
Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы.