Майқайың кенішіндегі апат: бірнеше адам қамауға алынды

19.09.2024 01:17

Облыстық полиция департаменті аталған деректі растады

Almaty.tv

«Майқайыңалтын» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Қуаныш Ботин және кәсіпорындағы өндірістік учаскелерді басқару, инженерлік құрамдағы бес адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оларды үйқамақта ұстау немесе түрмеге жабу туралы шешім шығаруы мүмкін, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішінде төрт құтқарушының өмірін қиған апатқа кінәлі тұлғалар ретінде 6 адам ұсталды. Олар — «Майқайыңалтын» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Қуаныш Ботин және өндірістік учаскелерді басқару, инженерлік құрамдағы бес адам.

Павлодар облыстық полиция департаменті аталған деректі растады.

— Павлодар облысының полициясы тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу шеңберінде «Майқайыңалтын» АҚ-ның алты жауапты қызметкері ұстап, Павлодар қалалық полиция басқармасы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, - деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметінен.

Дерек көздеріне сүйенсек, бұрынғы бас директор Қуаныш Ботин Екібастұздағы үйінде ұсталған.

Еске сала кетейік, 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті. 

Апат болған күні оқиға орнынан екі құтқарушының мүрдесі табылды

Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатты.

Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды. 

19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді. 

25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды.

Кейін Елорда соты құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды.

Опат болған бір құтқарушының отбасы жұмыс берушіден 120 млн теңге өндіріп алды.

Оқи отырыңыз: Жантүршігерлік жол апаты: екі көлік те жолаушылармен бірге өртеніп кетті