Қажылыққа бармақ болған қазақстандықтарды әлекке түсірген кәсіпкер қамауға алынды. Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, күдіктінің үстінен Еңбекші ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Тергеу жүріп жатыр.
«Шымкент қаласының тұрғындары «Kausar Travel» туристік агенттігінің директорына алаяқтық фактісі бойынша шара қолдану туралы ұжымдық өтінішпен жүгінді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесі бойынша күдікті Шымкент қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Қала прокуратурасы қылмыстық істің материалдарын және ұстаудың негізділігін зерделеп, тергеу органының сот алдында қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішін қолдады. Сот қарауының қорытындысы бойынша күдікті адамға қатысты таңдалған бұлтартпау шарасына санкция берілді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін жүздеген адам қажылыққа апаратын «Kausar Travel» туристік агенттігіне шағымданғаны жайлы ақпарат тараған болатын.