Түркістан облысының Жетісай ауданында шенеуніктер мен шаруалар арасында жер дауы туындады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Өңірде индустриалды аймақ салынады. 6 жыл бұрын Мақтаарал ауданынан бөлінген кезде өндіріс орындарының ошағы сол аумақта қалып кеткен. Енді жергілікті билік Асықата кентіндегі 54 гектар жерді өзге мақсатқа қолдануды жоспарлап отыр. Ал мұндай шешімге жергілікті халық наразы.
Жетісайлық Жұман Қайназаровтың ауыл маңында үш гектардан аса егістік жері бар. Биыл алған жерге қауын еккен шаруа соттың табалдырығын тоздырдым дейді. Себебі, жарты жыл бұрын жерінің мемлекет мұқтаждығына алынатыны туралы хабар келген.
- Шынын айтқанда, осы жеріміздің арқасында күн көріп отырмыз. Аймақта ешкім жұмыс істемейді. Бұл жердегі адамдардың барлығы тек жермен айналысады. Жер телімдері Үкіметке нақты қай кезде өтетіні айтылмайды. Бірақ болашақта аламыз деп отыр. Қайда арызданарымызды білмейміз, - дейді Асықата кентінің тұрғыны Жұман Қайназаров.
54 гектар суармалы жер 16 отбасына пай үлесі ретінде жалға берілген. Қазір шаруалардың бәріне соттан шақырту келген. Бірақ диқандар жерді мерзімінен бұрын қайтаруға қарсы. Өйткені, әкімдік ұсынып отырған алыс ауылдағы басқа жерді игерудің өзіне тағы біршама уақыт керек дейді.
- Бізге жер береміз деді. Әкімдік ұсынып отырған жер телімдеріне 5-6 жыл егін егілмеген. Жыңғыл, шөп басқан. Қараусыз аймақта орналасқан. Су жоқ. Ауылдан 50 шақырым жерде. Барып-келуің 100 шақырымды құрайды. Біз ол жақтан жер алудан бас тартамыз, - дейді Асықата кентінің тұрғыны Өмір Белесбаев.
- 60 гектарға жуық жер бар, 20 гектардан ары әкім болып істегендердің жерлері жатыр. Ауылдың ішіне зауыт салғанша, жол жаққа салса болады ғой. Айналдырған үш гектардан жеріміз бар, соны халықтан жинап алып жатыр, - дейді Асықата кентінің тұрғыны Барысби Оразбаев.
Жергілікті билік бұл жерлерге инфрақұрылым тарту оңай дегенді айтады. Сондықтан атқамінерлер алқаптарды қайтарып алуға бекінген.
- Бұл заң бойынша мемлекеттің жері. Шаруаларға келісім бойынша 49 жылға жалға берілген. Мемлекеттің мұқтаждығы үшін алуға құқымыз бар. Түсіністікпен алып жатырмыз. Түсінбегендерін сот арқылы талап етуге мәжбүрміз, - дейді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев.
Бүгінге дейін жерді жалға алғандардың төртеуі егістік алқабын өз еркімен қайтарды. Қалғандарына қатысты сот ісі басталды. Жетісай ауданының әкімдігі инвесторлардан айырылғылары келмейтінін айтты.
Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, "Алматы" телеарнасы, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Таразда тұрғындар құдықтан су ішіп отыр