Жерлеу компанияларына дерек сатқан астаналық полицейлер жұмыстан шығарылды

открытые источники
открытые источники
Олардың басым бөлігінде майор атағы болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада жерлеу рәсімін жүргізетін компанияларға деректер базасын сатқан полицейлер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция департаментінің басшысы Анар Жарова мәлімдеді.

«2019 жылдың 7 айында Жемқорлыққа қарсы қызмет пен оның аумақтық органдары түрлі мемлекеттік органдарға 1900 ұсыным берді. Олардың басым бөлігі ішкі істер, жергілікті атқару органдарына, білім беру мекемелеріне, Мемлекеттік кірістер комитетіне және квазимемлекеттік сектор ұйымдарына жіберілді. Мұндай тәсіл аталған салалардағы құқықбұзушылықтардың себебін анықтау мен сын-қатерлерді азайтуға мүмкіндік береді», - деді Анар Жарова ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте.

Спикер елордалық полицейлер мен жерлеу рәсімін жүргізетін команиялардың сыбайластығы жөнінде айтып берді.

«Жерлеу рәсімін жүргізетін компаниялар адам қайтыс болған үйге барып, олардың жағдайына қарамастан өз қызметтерін ұсынады. Оларға ақпарат қайдан жетті деген қисынды сұрақ туындайды. Жемқорлыққа қарсы қызмет полиция қызметкерлерінің жерлеу компанияларынан сыйақы алып, деректер базасымен бөліскенін анықтады», - деді ол.

Аталған фактілерді тергеу арқылы Нұр-Сұлтан қаласы Алматы және Сарыарқа аудандарындағы полиция басқармаларының кезекші бөлімдерінің 9 қызметкері теріс пікірмен жұмыстан шығарылды. Олардың басым бөлігінде майор атағы болған.

«Тиісті бақылау жүргізілмегені үшін олардың тікелей басшылары да тәртіптік жаза мен қатаң ескерту алды. Мұндай фактілер барлық жерде болады деп ойлаймыз. Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлыққа бей-жай қарамайтын азаматтарға агенттіктің «1424» Call-орталығына хабарласуын сұраймыз», - деді Анар Жарова.


Новости партнеров