42 500 теңгені алу үшін жұмыс беруші өтінішті қандай жағдайда түсіре алады? Бұны еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов түсіндіріп берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Біріншіден, компанияда, мекемеде жұмыс істеп жүрген жалдамалы жұмысшы. Яғни төтенше жағдайда байланысты жұмыс беруші «жағдайым жоқ» деп сізді ақысыз еңбек демалысына жіберді. Ол шағын және орта бизнес өкілдері, карантин жарияланған қалалардағы ірі кәсіпорындар, коммерциялық емес ұйымдар, мемлекеттік қызметтен басқалары. Бұл жерде сіздерге 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алу үшін өтінішті жұмыс беруші береді. Және де сізге осы төтенше жағдайға дейін әлеуметтік төлемдер төлеп келген. Сондықтан бұл жерде сіз ештеңе төлемейсіз», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.
Ал жеке тұлғалар, яғни «жеке кәсіпкерлер» өтінішті өздері бере алады. Ол мәселен, адвокат, нотариус, сот орындаушысы, медиатор, репититор немесе фрилансерлер. Жеке кәсіпкерлікті ашпай, бірыңғай жиынтық төлемді төлеп жүрген азаматтар да өтініш бере алады. Айта кетейік, бүгінге дейін 3 млн 703 мың адам 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем алуға өтініш берді. Өтінімдердің саны 4 млн 900 мыңды құрап отыр. Оның ішінде 1 млн 779 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды және есепшоттарына 76 млрд теңгеге жуық қаржы аударылған.