Мас күйде көлік басқарғандар қандай жазаға тартылады

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл 1700-ден астам жүргізуші ұсталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда мас күйде көлік басқарғандар 15 күнге қамалып, 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тексеріс кезінде ұсталған қос азаматтан есірткіге ұқсас ұнтақ салынған пакет табылған. Полицейлердің кезекті тексеріс жұмысы сап түзеуден басталды. Басшылықтан тиісті тапсырма алған соң, тәртіп сақшылары уақыт созбай көлігіне отырды. Қаладағы заңбұзушылықты анықтауға 11 экипаж жолға аттанды.

Алдыңғы терезесін қараңғылап, тұмшаланғандар да тасада қалмады. Бірнешесі даңғыл бойында ұсталып, полицейлер оларға тиісті шара қабылдады. Айыппұл салынып қоймай, пердесі шешілді. Қызықтың көкесі сағат 24:00-ден кейін басталды. Тәртіп сақшылары ереже бұзған көлікті тоқтатқан еді, ішінен есі кетіп масайған қос азамат шыға келді. Олардың бірі полицейлер көрмей тұр екен деп белгісіз затты сыртқа лақтырып үлгерген. Алайда бұл әрекеті камераға түсіп қалды.

Жүргізушінің лақтырғаны пакет есірткі затына ұқсайды. Нақтысын анықтау үшін тәртіп сақшылары 2 адамды тексере бастады. Құжаттарын қарап, түгел тінтіп шықты. Ұнтақ салынған орамды заттай айғақ ретінде тәркілеп, сараптамаға жол тартты. Онда қос азаматтың бірі есірткі қолданғаны анықталды. Ал екіншісі айтқанға көнбей, қарсыласқандықтан бөлімшеге жеткізілді. Полиция департаментінің хабарлауынша, бүгінде ұсталған екеуінің де наркотик қолданғаны расталған.

– Биыл мас күйде көлік басқарған 1700-ден астам жүргізуші ұсталды. Өкінішке қарай, бұл – тым жоғары көрсеткіш. Бұл бағытта күнделікті, тіпті сағат сайын тексеріс жүріп жатыр. Рейд күшейді. Ұсталғандар бірден 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке қамалады, – деді Полиция басқармасы бастығының орынбасары Серік Шумаев.

Осы жолы ұсталғандар да жауапқа тартылған. Олардың бірі, тіпті есірткі тарату қылмысына қатысты күдікті деп танылып отыр. Статистикаға сүйенсек, көлік апатының 87 пайызы жүргізушілер кінәлі болады. Ал бір Алматының өзінде биыл 3 мыңға жуық жол көлік оқиғасы тіркеліп, 3 мыңнан астам азамат зардап шексе, 80-нен астам адам қаза тапқан.

Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда қала маңына қатынайтын жаңа бағыт ашылады

Новости партнеров