Транспорт және логистика саласындағы жетістіктер қандай

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл елде құрылысы ұзаққа созылған бірнеше жол ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан авиациясында жолаушылар ағыны 13 миллионға дейін жеткен. Яғни, соңғы жылдары әуе кемесімен қатынайтын қазақстандықтардың саны көбейген. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, мұндай көрсеткішке қол жеткізуге жаңа ұшақтарды сатып алу септескен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әуе кеңістігімен қатынау, жаңа автобустар мен ұзаққа созылған жолдардың құрылысы. Марат Қарабаев «транспорт және логистика саласында биыл тындырылған тірліктер аз емес» деді. Оның ішінде темір жол тасымалындағы ауыз толтырып айтар өзгерістер бар.  

– Транзит 20 пайызға өсті. Бірақ халықты мазалап отырған ең бір күрделі мәселе – пойыздардың тозуы. Бізде 2100 вагон жолаушыларды тасымалдайды. Олар 45 пайыз тозған. Мәселені шешу мақсатында пойыздар сатып алынды, – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.

Транспорт және логистика саласындағы қарқынды өзгерістердің болғанын сарапшылар да растап отыр. Мәселен, автожолдар секторында цифрландыру бойынша ауқымды жобалар жүзеге асқан. Әсіресе автожол құрылысы материалының бірыңғай жүйесінің іске қосылуы бар. Жол активтері мен көпірлерді басқару жүйесі жұмыс істеп тұр.

– Автожол саласындағы мамандықтардың базасы әзірленіп жатыр. Сол база арқылы бұл секторда қандай мамандар жетіспейтінін, кімдердің тәжірибесін, біліктілігін арттыру керек екенін біліп отырамыз. Сонымен қатар, жол белгілері бойынша тың технологияларды енгіземіз, – деді Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының директоры Әсел Нұғманова.

Ал сенатор Зәкіржан Кузиевтің айтуынша, автожолдардың құрылысы дер кезінде аяқталуын қадағалау керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық логистика бойынша Қазақстанның әлемде алар орнын ерекше екенін атап өтті. Депутат логистикаға тікелей әсер ететін темір жолдағы мәселелерді жіпке тізді.

– Бүгінде темір жол қатынасы – бүкіл бизнестің жүруіне тікелей әсер ететін сектордың бірі. Өзбекстанға кіретін жол өте тар. Ал Қытайға контейнерлер ұзақ уақыт жүреді. Сондықтан материалдар уақытында жетпейді. Кейбір жерде күту керек болады. Меніңше дәл осы саладағы проблемаларға көңіл бөлу керек, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Зәкіржан Кузиев.

Биыл елде құрылысы ұзаққа созылған бірнеше жолдың ашылғанын айта кету керек. Мәселен Атырау-Астрахань, Алматы-Астана, Талдықорған-Өскемен бағыты бойынша көліктер жүйіткіп жүр. Бұл жолдар соңғы 5-6 жыл бойы салынып, сақалды құрылыс аталып кеткен еді.

Мадина Оқас, Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Жыл қорытындысы: жаңа теміржолдар, ҮАААЖ іске қосылуы және теңіз порттары қалай дамып жатыр

Новости партнеров