Қарғын судан зардап шеккендерге Президент пәрмен беріп, Үкімет өтейтін болды. Ал қарапайым адамдар ел басына күн туғанда қолдан келгенін көмегін беріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тасқын талай отбасының үйі мен қоса дүниесін де талқандап кеткені рас. Дегенмен мүлік шығындарының есебі арнайы қордан өтелмек. Соған қарамастан қарапайым халық гуманитарлық көмекті әлі жіберіп жатыр. Сәтбаев қаласының жеке кәсіпкері Нұрсұлтан Таңатов Жезді елдімекеніндегі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың кілемдерін тегін жуып беруде.
– Ұлытау өңірінің тумасымын. Ел басына күн туғанда көмектесу – міндетім. Ұжымдастармен шешім қабылдап, бірден осында келдік. Алты үйге кірдік, бір үйден жоқ дегенде 10 кілем шықты. 50 шақты кілемді жуамыз, – деді жеке кәсіпкер Нұрсұлтан Таңатов
Үш жылдан бері нәсібін кілем жуудан тауып отырған азамат қайырымдылық жасауды міндет қылған. Екі ауысымда жұмыс жасап, ел алғысын алуға асыққан қызметкерлер жуған кілемдерді көлікке тиеп, иесіне жеткізіп береді. Ұлытау облысында қарғын судан зардап шеккен 22 отбасы. Олардың 19-ы Ұлытау ауданынан болса, 3 отбасы Ынталы ауылының тұрғыны. Шығынның техникалық сараптамасы аяқталып, келер аптада 100 айлық есептік көрсеткіш түріндегі бір реттік өтемақы беріледі.
– Зардап шеккен отбасыларға көмектесу үшін қайырымдылық қорға демеушілердің қаражаты есебінен де көмек көрсетіледі. Біздің жергілікті жердегі қордан немесе аудан әкімдерінің резервінен бөлінетін қаражат жетпей жатса, шығынды өтеуге демеу қорынан сұраныс жасалады, – деді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Нұржан Орынбаев.
Бүгінде өңірде су тасқынының салдары толық жойылған. Су шайған жолдарды қалыпқа келтіру үшін тиісті сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Ал үйлердің күрделі жөндеуден өтуі немесе қайта салынуы сараптама нәтижесіне тікелей байланысты болмақ.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Бозымбаев: отандастарын алдаған кез келген азамат ақы төлейді