Екібастұзда бүгін 71 тұрғын үй жылу жүйесіне қосылды. Бұл туралы арнайы жедел штаб басшысы Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жедел штабтың ақпарынша бүгін Екібастұздағы 71 үйдің жертөлесіндегі тораптарға жылу берілген. Енді бригадалар пәтерлер ішіндегі құбырларды қосуға кірісіпті. Оған қоса мамандар су мен кәріз жүйелерін қалпына келтіріп жатыр. Жауаптылардың сөзінше жарамсыз жылу батареялары мен құбырлар жаңасына ауыстырылып жатқан көрінеді.
«Ауыстыратын батареялар түгелдей бәріне жетеді. Бүгін бізде 2500 жылыту батареясы болды. Екі күн ішінде 850-ін орнатып қойдық», – деді Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Олег Крук.
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 851 адам жұмылдырылыпты. Бұдан бөлек өңір-өңірден бригадалар жетіп, қол ұшын созып жатыр. Мәселен Қарағандыдан коммуналдық кәсіпорындардан 70 маман аттанған.
«Кәсіпорындардың басшылығымен келіссөз жүргіздік. Жедел штабтың аясында күніне кем дегенде таңертең және кешке, екі рет жүздесу өткізіп жатырмыз. Міндетті түрде жұмыс істеп жүрген азаматтарға кәсіпорын тарапынан сыйақы қарастырылатын болады», – деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Төтенше жағдайды қалпына келтіруге 7 ірі кәсіпорын тартылыпты. Олардың әрқайсысы өздеріне бекітілген көпқабатты үйге жағдай толық тұрақталғанша жауапты болады. Штаб төрағасы Роман Скляр Үкімет басшысы Әлихан Смайыловпен телефон арқылы сөйлесіп, жағдайды толық баяндады. Штаб басшысы жөндеуге тартылған бірде-бір ұйым шаруа аяқталмайынша ешқайда кетпейтінін айтты. Екібастұз халқына болысып жатқан азаматтар аз емес. Алматы облысының кәсіпкерлері 500 жылыту құрылғыларын жөнелтсе, зардап шеккен азаматтарға жәрдем берумен айналысатын еріктілер де жасақталыпты.
«Еріктілер тарапынан Сәтпаев 38, Әуезов көшесінде орналасқан үйдегі тұрғындарды қолдау үшін ыстық тамақ, шай ұйымдастырылды», – деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Сондай-ақ Аманат партиясы да гуманитарлық көмек беруді жалғастырып жатыр. Бұл жолы партия атынан 200 жылытқыш, 400 көрпе мен басқа да қажетті заттар жөнелтілген.
Назкен Еркін, Мақсат Күнібек «Алматы» телеарнасы