Қызылордада шаңырақ шаттығын паш еткен «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетті. Сыр өңірінен бүгінге дейін 2500-ден аса жанұя бақ сынапты. Бұл республика бойынша ең үздік көрсеткіш, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлттық байқаудың мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын дәріптей отырып, аға буын мен жастың байланысын арттыру. Байқауд әр ауыл мен ауданнан көпке өнегелі ісімен танылған азаматтардың ізін басқан жастардың жарасымы ғана емес, тағылым мен тәрбиесі таразыға түседі. Ал кешегі өткен салтанатты жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев отбасы институты әрқашан ерекше қолдауға ие болатынын жеткізіп, жарасымды жанұяларға құрмет көрсетті.
– Мерейлі отбасы – бірлігі, тәлім-тәрбиесі, қалыптасқан қағидасы, асыл қасиеттерімен өзгеге өнеге бола білген жанұя. Оларды дәріптеу – ортақ парыз. Облыста отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді, – деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Бақ-береке тұрақтаған үлгілі шаңырақтың бірі – Жалағаш ауданында тұратын Бектаевтар отбасы. Әулеттің кемеңгер кейуанасы Сәнімкүл Әшірбекова ұзақ жылдар күріш алқабында еңбек етсе, жолдасы Төлеміс Бектаев саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған. Жарасымды жандар жұптары жазылмай 67 жыл бір шаңырақтың берекесін бекем ұстаған. Жасы тоқсанға таяған Сәнімкүл әжей құрсағынан өрбіген 11 ұл-қыздан 43 немере, 66 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр. «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде жанұяның мерейі үстем болып, бас жүлдені жеңіп алды.
– «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей еңбектің арқасында осындай дәрежеге жеттік. Кейінгі жастарға үлгі болсын деп жатыр ғой. Жылдан жылға мерейлі отбасы көбейе берсін, айналайындар! – деді байқау жеңімпазы Сәнімкүл Әшірбекова.
Мазмұнды байқауда бірінші орынды Жаңақорған ауданынан келген Мырзабаевтар отбасы еншіледі. Ал облыс орталығында тұратын Жарқынбековтер жанұясы жүлделі екінші орынды иеленсе, үздік үштікке сырдариялық Есекеевтер отбасы тұрақтады. Бәсі жоғары байқауға биыл өңірдің ауыл-аймағынан 256 отбасы қатысқан. Соның ішінде оза шапқан 16 отбасы облыстық кезеңде бақ сынады. Сондықтан ақтық кезеңге шыққан өзге жанұялар да түрлі аталым бойынша марапатталып, қаржылай сыйлыққа ие болды.
– 12 бала тәрбиелеп өсірдім. 6 ұл, 6 қыз. 45 немере, 33 шөбере сүйдік. Солардың қызығын көріп отырмыз. Балалар жұмысын абыроймен атқарып келеді, – деді еңбек ардагері Гүлбазар Құлымбетова.
Сайыстың облыстық кезеңінде озат атанған Бектаевтар отбасы елорда төрінде аймақ атынан сынға түседі.
Асқар Сәрсенұлы, Т.Әділбекұлы «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Әз Жәнібек сұлтанға арнап XIV ғасырда жазылған қолжазба табылды