Алматыда Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шараларға байланысты 19-24 наурыз аралығында «Астана» алаңы жабық болады, деп хабарлайды қалалық Қоғаммен байланыс қызметі.
Наурыз мерекесіне қарай алып шаһарда концерттер, жәрмеңкелер, шеберлік сабақтары, байқаулар мен көрмелер ұйымдастырылады.
Іс-шаралардың басым бөлігі Астана алаңында өтеді. 22 наурызда «Ұлы даланың - Ұлы күні» атты ауқымды шара өтсе, 23 наурызда – «МузАРТ» тобының жеке концерті өтеді деп жоспарлануда.
Бұдан өзге, мұнда «Алматы Наурызды қарсы алады» атты спорттық ойындар ұйымдастырылады.
«Биылғы «Жастар жылында» Наурыз мейрамы өскелең ұрпақпен бір толқында болу мақсатында, ерекше заманауи, әрі серпінді ырғақта өтпек. Мереке қалада өтетін шеруден басталады», - делінген хабарламада.