Қоғамның әскерге деген сенімін арттыруға, оның беделін көтеруге ықпал ететін бірқатар шаралар қабылдау қажет. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарулы күштерді кешенді және жүйелі жетілдіруді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында өткен жиында мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілішіс.
Алматыда өткен басқосуда әскери шенділер жауынгерлік дайындық деңгейін арттыру мәселесін талқыға салды.
«Тәрбие саласындағы маңызды мәселелерді жеткіздік. Әрқайсысы өз ойын айтып, проблемалық мәселелерді шешу жолдарын жиында қарастырып жатырмыз», – деді Әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары Абзал Таждинов.
Жиын барысында генерал-майор Серік Борамбаев әскери ортадағы орны толмас шығынды азайтуға бағытталған «Өмірді сақта» ведомствоаралық бағдарламаның жобасын іске асыру мәселесін де көтерді. Қазіргі армияның барлық саласында жаңа әдістерді қолдану міндеті тұрғанын айтты. Жиын соңында офицерлер, психологтар жұмыстың жаңа тәсілдерімен танысып, қызметтегі іс-әрекеттің тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық бағдар алды.
«Психологиялық жағдайды өзгертуге және тәрбие жұмысын жетілдіруге пайдалы кеңес аламын деп ойлаймын», – деді ҚР Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары Серік Борамбаев.