Таразда барлық павловния ағашы қурап кетті

05.06.2024 19:42

Биыл қалада 40 мың түп тал егіледі

Almaty.tv

Таразда барлық павловния ағашы қурап кетті. Алып жапырақты сәндік талдар 2018 жылы Шығыс Азия елдерінен әкеліп, отырғызылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың 100-ге жуығы «Желтоқсан толқыны» аллеясына егілген. Бірақ көктемде олардың бірде біреуі бүршік жармады. Шаһар саябақтарындағы бозаршалар да қурап қалған. Мамандар «7 жылдан бері жайқалып тұрған талдар былтыр құрыды» дейді. Олардың сөзінше, сәндік ағаштар жерсінгенімен, қыстағы аязға төтеп бере алмаған. Ал жауаптылар қураған өсімдіктерді отырғызуға бюджеттің қанша ақшасы жұмсалғанын айта алмады. Бірақ биыл Таразда 40 мың түп тал егілетін көрінеді. Оған жергілікті бюджеттен 50 миллион теңгеге жуық қаржы бөлу жоспарланып отыр.

– 2023 жылдағы қара суық біраз жылдан бері болған жоқ. Отырғызылған ағаштың бәрін алып тастау керек. Күзде каштан, ясин ағашын отырғызуды жоспарлап отырмыз, – деді  «Жасыл ел тараз» ЖШС бас агрономы Жасұлан Молдабаев.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында 500 гектар алқапқа егілген алма ағашы қурап кетті