Президенттің жарлығымен арнайы жиынға шақырылған әскери міндеттілер қызметіне кірісіп кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және бірқатар өңірдегі блок-бекеттерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, санитарлық-эпидемиологиялық өңдеуге атсалысады. Бұл туралы еліміздің қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары Серік Боранбаев айтып берді.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке еліміздің қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары Серік Боранбаев қатысты. Ол Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру жайын тілге тиек етті. Анықталғаны, бүгінде Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында, сондай-ақ , Қызылорда, Павлодар мен Ақмола облыстарында аумақтық әскерлер жасақталған. Әскери міндеттілерді шақыру Ақтөбе мен Атырау облыстарында жалғасуда. Ал Шымкент пен Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл, Түркістан облысында 13-17сәуір аралығында ашыла бастайды. Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында арнайы жиын жүргізу мәселесі әлі де шешілмеген.