Жаңа жылдан бастап көлігінде газ орнатылғаны туралы белгісі жоқ жүргізушілерге 10 мың теңгеден астам айыппұл салынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жүргізуші газбен жүретін көлігіне арнайы белгі тағуы керек. Оның үстіне жер асты паркингке кіруге тыйым салынады. Мұндай шектеу бұрыннан бар. Бірақ ол кезде күзетшілер техникалық құжатты тексермейтін.
– Жерасты паркингіне кіре алмайсың. Тек сол кедергі болып тұр, – деді қала тұрғыны.
– Ашық жерге барып жуа береміз. Газбен жүрген арзан болып тұр, – деді қала тұрғыны.
Көлікке газ орнатумен айналысатын кәсіпорындар қауымдастығы орталықтарға арналған арнайы стандарт болғанын жөн санайды. Қазір әркім өз бетінше машинаға газ орнататын көрінеді. Сапасыз салынған газ адам өміріне қауіп төндіретіні сөзсіз. Сондықтан қауымдастық өкілі бірнеше ұсыныс айтты.
– Қазіргі норма бойынша көлікке орнатылған газ баллоны ғана тексеріледі. Яғни, жүк салғыштағы баллонға қатты қысым беріп, газ шығара ма, жоқ па, сол тексеріледі. Негізінде, қозғалтқышқа келетін құрылғыларды да қарау керек. Оны бақылайтын, тексеретін арнайы норма қажет деп есептейміз. Техникалық байқауға барғанда, газ орнатылған көліктерді де арнайы стандартқа сай қарау қажет, – деді ҚР Көлікке газ орнатумен айналысатын кәсіпорындар қауымдастығының өкілі Тауман Өмірәлиев.
Көлікке газ орнату нарығы заң жүзінде реттелмейді. Сауда министрлігі қондырғы орнататын орталықтарға қойылатын арнайы талаптың жоқ екенін мойындап отыр. Қазір жұмыс тобы темір тұлпарларды газбен жабдықтайтын орындарға лицензия алуды міндеттемек.
–Жұмыс тобы көлікке газдың дұрыс орнатылғанын тексеретін норма енгізуді талқылап жатыр. Ол қондырғының қалай орнатылғанын, газ шықпайтынын бақылайтын норма қарастырылып жатыр. Нақты ұсынысты бір айдың көлемінде жариялаймыз, – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.
Соңғы 10 жылда Қазақстанда көлігіне газ қондырғысын салатындар саны көбейген. Оның үстіне сұйытылған көгілдір отынының тапшылығы тағы бар. Сапасыз орнатылған құрылғы адам өміріне аса қауіпті. Сондықтан, билік арнайы стандарт енгізбек. Аталған саладағы өзгеріс алдағы бір ай көлемінде жарияланады.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Жаңа жылдан бастап газға көшірілген көліктерге теңбүйірлі үшбұрыш орнату міндеттеледі