Шығыс Қазақстанда «Осинов» асуын айналып өтетін жол ақыры салынатын болды. Ол келушілерге аймақтың туристік інжу-маржандары – Алтай мен Қатонқарағайға жеткізетін ең қауіпті, бұралаңы көп тас жолды кедергісіз еңсеруге мүмкіндік бермек. Бірақ халық құрылыстың аяқталуын 7 жылдан бері күтіп жүр. Жобаның мерзімін бірнеше рет кейінге шегеруге тура келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Стратегиялық жобаның басты мақсаты – Алтай мен Қатонқарағай тұрғындарының қауіпсіз қатынауын қамтамасыз ету. Сондай-ақ екінші Швейцария атанған аймаққа туристерді көптеп тарту. Бірақ құрылыс салу кезінде біраз қиындық туындаған.
Көпір салуға басты кедергі болғаны – шатқал. Себебі бұл жерлер орман қорына тиесілі болып шықты. Ал аумақтарды бір министрліктен екіншісіне ауыстыру үшін 4 жылға жуық уақыт кеткен. Осы аралықта жұмыс тоқтап, адамдар қауіпті ескі тас жолдың бойымен жүруге мәжбүр болған.
– Мұнда азық-түлік, тауар, киім-кешек, яғни өмірге қажеттінің бәрін тасиды. Негізінен, ауыр жүк көліктері, тіркемесі ұзын көліктер жүреді. Бірақ олар қыста бұл жолмен жүре алмайды. Өйткені дәл осы бұрылыстарда қайғылы жағдай да болған, – деді Алтай қаласының тұрғыны Николай Дорофеев.
Құрылысты қайта бастау үшін 5 жыл күтуге тура келген. Алдымен құрылыс материалдары қымбаттап, кейін мердігерлер жобадан бас тартыпты. Уақыт өте шығындарды қайта есептегенде, бағалау 30 пайызға артқан. Дегенмен қазір жаңа орындаушылар жұмысқа кірісіпті. Құрылысшылар тастарды жарып, жолды түзеуді қолға алған. Мердігерлер жобаны бір жылдың ішінде тездетіп аяқтауға уәде беріп отыр.
– Көпір ұзындығы 175 метр, биіктігі 44 метр бағаналар қиындық туындатып отыр. Бағаналар таудың шатқалында орналасқан. Соған техникалардың жетуі өте қиын, жол дайындауымыз керек, – деді мердігер ұйымның жоба жетекшісі Ермек Әлиев.
– «Осинов» асуының жобасы 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бірақ міндетіміз – осы уақытқа дейін көлік иелерін қорғап, олардың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету. Биыл 19 мың шаршы метр шұңқырды жөндеу жоспарланса, қазір оның 3 мыңы орындалды, – деді компания инженері Айдын Нұралдинов.
Барлық жұмысты «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» қатаң бақылауға алған. Жұмыс барысында олар нысанды 25 рет тексерген. Барлық ескерту түзетілген.
Жансая Олжабек, Руслан Мұхамедьяров, «Алматы» телеарнасы, ШҚО
Оқи отырыңыз: Қарғын су: Олжас Бектенов шығынды есептеу жұмысын тездетуді тапсырды