Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров 2019 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қорытынды жасай отырып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аясында құрылған жаңа жұмыс орындары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Түрксіб ауданының аумағында 500-ден астам өндіріс орындары жұмыс істейді, онда 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Ауданда шығарылатын өнім көлемінің 25%-ға өсуі байқалуда. Егер 2018 жылы шығарылған өнім көлемі 156,5 млрд теңгені құраса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 194,4 млрд тг жетті.
«Инвестиция 32%-ға артты. Оның 80%-дан астамы-жеке инвестициялар, бұл аудан экономикасының тұрақтылығын көрсетеді. Аталған инвестициялар есебінен компаниялар жаңа цехтар, жаңа өндіріс желілерін, жұмыс орындарын ашты. Өткен жылы 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды», — деді аудан басшысы.
Б. Ақжаровтың ақпараты бойынша, жеке инвестициялардың басым бөлігі ірі кәсіпорындарға тиесілі. Мысалы, жаңа цех, Hyundai Com Trans Kazakhstan жаңа автобус құрастыру зауыты ашылды, «Эйр Астана» АҚ қосымша әуе борттарын сатып алды.
Сонымен қатар, 2019 жылы шағын және орта бизнес саны 5%-ға, 6997 компанияға дейін өсті. Осы секторда бүгінгі күні 46 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
«ШОБ қолдау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы базасында Qolday кәсіпкерлік орталығы ашылды, онда өткен жылдың соңынан бастап мыңнан астам адам бизнесті ашу, жүргізу және қалалық шарттар мен шаралар, шағын кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша кеңестер алды», — деп атап өтті Б. Ақжаров.