Ресейден елге өте алмай тұрған қазақстандықтарға жасыл дәліз ашылады

Ресейден елге өте алмай тұрған қазақстандықтарға жасыл дәліз ашылады
Көрші елден тауар таситындар үшін де жол ашық болмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ресейден Қазақстанға өте алмай тұрған біздің азаматтарға жасыл дәліз ашылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ сол елден тауар таситындар үшін де жол ашық болмақ. Қазір көрші елдің премьер-министрімен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен. Бүгін екі жақтың шекара қызметі жасыл дәлізді ұйымдастыру бойынша нақты шаралар қабылдайды. Ертеңнен бастап аталған жол арқылы азаматтарымыз өте бастайды.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Ресей тарапымен келіссөздер сәтті жүргізілгенін айтып, ертеңнен бастап жасыл дәліз іске қосылатынын айтты. Ал ресейліктер үшін шекараны жауып тастау адамдыққа жатпайды, аталарымыз майданда бірге болған, бауырлас халықты далада қалдырғанымыз дұрыс емес деп, көрші елдің азаматтарына жаны ашып тұрғанын жасырмады. Біз мейірімді, қонақжай елміз деген ол сырт мемлекеттен келіп жатқандар Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етпейтінін айтты.

«Бұған алаңдамаңыздар. Азық-түлік көліктерін шекарадан өткізуді тездетеміз. Дүйсенбі күні Өзбекстанда, одан бұрын Қырғызстанда азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша сөйлестім. Келісімдерге қол қоямыз. Кеше Пәкістанның Сауда министрімен жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізу бойынша кездестім. Бұл бағытта үнемі жұмыс жүріп жатыр», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин

Сауда министрі Ресейге салынып жатқан сан түрлі шектеулер Қазақстанға әсерін тигізбейтінін алға тартты. Сондай-ақ Батыстың біздің елге санкция енгізу қаупі жоқ деп сендірді. Серік Жұманғарин Қазақстан тарапы АҚШ-пен, Еуропалық Одақтың тиісті органдарымен тұрақты түрде байланыста екенін айтып, еліміздің халықаралық құқықты ұстанатынын жеткізді. Қазір Еуропаға Ресей арқылы көмір тасымалданып жатқанын айтты шенеунік.

«Мысал келтірейін. Өткен аптада Мәскеуде болып, ресейлік әріптестермен қазақ көмірін Ресей арқылы Еуропаға жөнелту мәселесін талқыладым. 500 мың тонна. Бұл мәселе шешілді, бұл бір ғана мысал. Қазір Еуропаға көмір сатып жатырмыз», – деді Серік Жұманғарин

Сауда министрінің айтуынша, елде көмір тапшылығы болмайды. Жергілікті билік оның экспортын арттыруды жоспарлап отыр екен. Қатты отынның жеткілікті екенін қылышын сүйреп қыс келгенде білерміз. Әзірге министрдің сөзіне сендік.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астандан

Новости партнеров