«Қызылорда облысында көше бойындағы жерді жасыл түске бояп жатыр». Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде осы тақырып қызу талқыға түсті. Шынында жасыл желекті бояумен алмастыру мүмкін бе? Өңірдегі тілшіміздің сауалына жауап берген мекеме басшысы желіде желдей ескен ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл – қаланы көгалдандыруға бағытталған жаңа технология. Тұқым мен арнайы тыңайтқышты араластырып, сұйық күйінде жерге төгеді.
Көгалды жаңа әдіспен егу бұрынғыға қарағанда тиімді. Мамандардың айтуынша, біріншіден, өңірдің климатына сәйкес келеді. Екіншіден, суды аз қажет етеді. Қаланы көгалдандыруға бағытталған жоба алғашқы 10-15 күнде нәтижесін беретін көрінеді.
Облыстағы Назарбаев даңғылының бойы мен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы басты көшеге өнімді себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мекеме тарапынан қаланы абаттандыруға күнделікті 100-ден аса маман мен 20-ға жуық арнайы техника жұмылдырылады.
– Себу жұмыстары 10 күн бұрын басталған. Нәтижесі бар. Көктем немесе күз мезгілін таңдамай егіп жатыр. Артықшылығы, газондар келесі көктемде де көгеріп шығып тұрады, – деді «Жасыл Қызылорда» КММ директоры Мақсат Жүсіп.
Оқи отырыңыз: СҚО-да ірі көлемдегі ұрлықтың беті ашылды