Балаларды қорғау күні қарсаңында Алматы қаласының Аналар кеңесі Қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығында қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚХА-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара Аналар кеңесінің «Бөтен балалар жоқ» жобасын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Балаларға бағалы сыйлықтар, үстел ойындары, балмұздақ және т.б табыс етілді.
Іс – шараны өткізуге «Ассамблея жастары» мүшелері және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары: Әбілфас Мүслімұлы Хамедов және Вакиль Гусейнұлы Нәбиев қолдау көрсетіп, белсенді қатысты, сондай – ақ өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдулла Жапарұлы Исматуллаев және корей мәдени орталығының мүшесі Юрий Шин материалдық көмек көрсетті.
Жастар өкілдері балаларды қолдау орталығының балаларымен бірге ағаштар мен гүлдер отырғызды, сондай-ақ балалар үшін аниматорлармен ойын-сауық шоу-бағдарламасы ұйымдастырылды.
Айта кету керек, Алматы қаласының аналар кеңесі жыл сайын балаларға моральдық және материалдық көмек көрсете отырып, түрлі қайырымдылық акцияларын өткізеді.
Алматы қаласы Аналар кеңесінің төрайымы - Исраилова Махинур Вильямовна атап өткендей: «Біз, әріптестеріміз: аналар кеңесінің мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары және «Ассамблея жастары» мүшелерімен бірге, қиын өмірлік жағдайға қарамастан, олар жарқын болашаққа деген қолдауын сезініп, үмітін жоғалтпауы үшін осы мерекені ұйымдастырдық».
Мереке өте жақсы өтті, балалар сыйлықтар мен шоу-бағдарламаға риза болды. Орталық басшылығы ұйымдастырушыларға балаларға ерекше көңіл бөлгендері үшін алғыс айтты.