Қазақ тілін үйреніп жүрген америкалық қыз Қазақстанға көшуді армандайды

kazaknews.kz
kazaknews.kz
10-сыныпта оқитын Кэмерон Фар өзін Айбала Құдайбергенқызы деп таныстырады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

АҚШ-тың Джорджия штатында тұратын 14 жасар Кэмерон Фар қазақ тілін Italki курсы арқылы онлайн үйреніп жүр. 10-сыныпта оқитын ол өзін Айбала Құдайбергенқызы деп атайды. Болашақта Қазақстанда тұрғысы келетін Айбала үйренгенін әлеуметтік желіде бөлісіп отырады. Қазақ тіліне қатты қызыққан полиглот оқушының сұхбатын Almaty.tv тілшісі kazaknews.kz-ке сілтеме жасай отырып назарыңызға ұсынады.

Қазақ тіліне қызығу қалай басталды?

– Маған ең алдымен Қазақстанның салт-дәстүрі мен мәдениеті ұнады. Ал қазақ тілін ең алғаш таныстырған ұстазым – Раушан. Қазақ тілін үйрететін Арай есімді мұғалімім де бар. Күнделікті мәтіндерді skype арқылы оқып, аударамыз. Раушан ұстазым қазақ тілінің дыбысталуымен өзіне баурап алды. Сол күннен бастап қазіргі уақытқа дейін «cәлем», «жақсы» деген сөздерді жиі айтамын.

Қазақ тілін үйренуге қанша уақыт кетті?

– Қазақ тілін 2019 жылдан бастап үйреніп келемін. Маған сөздердің қазақша дыбысталуы мен тіл грамматикасы айтарлықтай қиынға соқты. Сөздерді тез жаттап алсам да сөйлем құрастыра алмай қалуым мүмкін.

Кэмерон деп есіміңді кім қойды? Айбала деп ауыстыруға ата-анаңның көзқарасы қандай болды?

– Иә менің өз есімім Кэмерон. Үйде, мектепте мені өз атыммен атайды. Алайда мен қазақ достарыма өзімді «Айбала Бақтыгүл Құдайбергенқызы» деп таныстырамын.

Қазақстандық өнер адамдарымен қалай таныстың?

– Димашты танымайтын жан жоқ шығар қазір. Ең бірінші көз алдыма Димаш Құдайберген елестейді. Кейін әлеуметтік желіде айтыскер Айнұр Тұрсынбаеваға жаздым. Жауап бергеніне қатты қуандым.

Болашақта Қазақстанда тұрғың келе ме?

– Иә. Қазақ тілін де жетік меңгергім келеді. Келешекте Айбала деген есіммен Қазақстанға көшу арманым бар. Маған Қазақстанның табиғаты, мәдениеті ұнайды. Сонымен қатар ол жақта әдемі адамдар көп екен. Мен танитын қазақ достарымның бәрі әдемі.

Қазақстанға саяхат жасау жоспарда бар ма? Қай қалаларын аралағың келеді?

– Иә, пандемия басылып, шекара ашылған соң Қазақстанға міндетті түрде барғым келеді. Ең алдымен Қызылорданы көргім келеді. Себебі, ол жердегі бір досым Қызылорданың кішкентай қала екенін айтты. Кейін Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына барғым келеді. Ол жердің мешіттерін көргім келеді. Сосын қаланы көлікпен араласам деймін. Маған көлікпен жүру қатты ұнайды. Қызылорда, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына барып достарымды шынайы өмірде көруді қалаймын. Парақшамда «Идеалды Қазақстан» деген жазбаларым бар. Сол жерде мен атқа отыруды, қазақ кимешегін киюді, бәйтерекке баруды мақсат еткенмін.

Неліктен әлеуметтік желіде қазақша блог жүргізген ұнайды?

– Cебебі өзге ұлт өкілдеріне қазақтың ұлттық дәстүрін, бұл тілдің қаншалықты әдемі екенін жеткізгім келеді. Борат сияқты кейіпкерлер маған ұнамайды. Мұндай адамдарға қазақ тілі қандай құрметке лайықты екенін дәлелдегім келеді.

Болашақта қандай мамандық иесі болғың келеді?

– Келешекте өзімнің кім болатынымды әлі шешпедім. Бірақ қазір қыздардың тырнағын әрлеумен айналысамын.

Новости партнеров