ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үш полицейді парамен ұстады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Агенттіктің ресми өкілі Жанна Бастарованың айтуынша, Ақтөбе қаласында Астана аудандық полиция бөлімі бастығының жедел жұмыс бойынша орынбасары, осы бөлімнің аға жедел қызметкері және тағы бір жедел қызметкердің пара алу фактісі анықталды. Бастықтың орынбасары - полиция майоры, жедел қызметкерлер - полиция капитаны және аға лейтенант.
«Олар алдын ала сөз байласып, бір азаматтың ұлын қылмыстық жауапкершілікке тартпағаны үшін 300 мың теңге сомасында пара алғаны үшін күдіктеліп отыр. Өз кінәсін толық мойындауына байланысты бір жедел қызметкерге қатысты үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Екіншісіне қатысты бұлтартпау шарасы қабылданған жоқ. Ал бастықтың орынбасарына қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасуда», - деді Ж.Бастарова Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Айта кетейік, бүгінгі брифингте тағы бір заң бұзушылық туралы айтылды.
«Астана қаласы бойынша көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту» мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Ол басқарма басшысының келісімін алмай, оның электронды цифрлық қолтаңбасын пайдалану арқылы мердігердің есепшотына 414 миллион теңгенің бюджет қаражатын заңсыз аударған.
Ал Алматы облысы Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары өз кабинетінде парамен ұсталды.