Қытайдан шыққан коронавирус әлемнің бірнеше еліне тарап жатыр. Бұл індеттің біздің елге де кіру қаупі басым. Себебі, екі ел арасындағы шекара ашық. Осыған байланысты бүгін Алматыдағы халықаралық әуежайда қауіпті індетке қарсы оқу-жаттығу шарасы өтті. Басты мақсат - аса қауіпті індет Қазақстан аумағына кіре қалған жағдайда абдырап қалмай, дайын болу, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қытайдан Алматыға бет алған ұшақ ішінен коранавирустың белгілері бар жолаушы анықталды. Оны байқаған бортсерік жолаушы туралы ақпаратты диспетчерге жеткізеді. Әуе кемесі жерге қонғанға дейін мамандар тобы жиналып, күтіп алады. Вирусты жұқтырған азамат оқшауланып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіледі. Онымен сөйлескен жолаушылар да мамандардың бақылауына алынады. Ал ұшақтың іші мен сырты арнайы қоспамен өңделеді. Бұл бүгінгі оқу-жаттығудың сценарийі болатын. Егер қауіпті індет біздің әуежайда табылса осындай шара қолданбақ.
Қазір Алматыдағы халықаралық әуежай күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әсіресе Қытай Халық республикасынан келетін рейстердің барлығы қатаң тексерілуде. Егер де аурудың қандай да бір белгілері бар жолаушы байқалса, көмек бірден көрсетіледі. Оған мамандар сақадай саймыз деп отыр. Бүгін жұмыстарын пысықтап алу үшін оқу жаттығу шарасын өткізді.
Алматыдағы халықаралық әуежайда мамандар күні-түні кезекшілік етуде. Жолаушыларды шығарып салып, күтіп алатын мекенде дене температурасын алыстан анықтайтын құрылғы үш, ал қолда ұстайтын 2 құрылғы бар. Жыл басынан бері Қытай Халық Республикасының бірнеше қаласынан Алматыға 8 мыңға жуық жолаушы келген. Оның 512-сі экипаж мүшесі. Олардың барлығы тексеруден өткен.
«Жолаушылар өткен уақытта егер олардың қызуы көтерілсе, бірден біздің компьютеріміз оны анықтайды. Бірден қажет шараға кірісеміз. Күдікті ауруды адамдар ішінен алып шығамыз да, өзімізде изолятор бар, соған апарып, медпункттердегі дәрігерлер қарайды», - деді қалалық көліктегі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Айман ЖАҚАНБАЕВ.
Ал тазалық мамандары Алматыдағы медициналық ұйымдар емдеуге дайын деп отыр. «Сақтықта қорлық жоқ» деген ақ халаттылар бастысы адам көп шоғырланған жерлерге көп бармау керектігін айтады.
«Керекті дәрілердің бәрі резервте бар. Вирусқа қарсы. Маскілер де бар. 1 млн 400-тен астам бар. Одан басқалар, аптекаларда сатылып жатыр. Бізде 77 автокөліктер бар. Керек болса, үйіне барып қарап, көмек беретін. Кол-орталықтар жұмыс істейді. Ал аурудың белгілері кәдімгі вирусты инфекцияға сәйкес келеді. Температура көтерілу мүмкін. Жөтелуі мүмкін. Одан кейін көбірек ауыратын үлкен жастағы адамдар», - дейді Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСИМОВА.
Айта кетейік, Қытайдың Ухань қаласынан шыққан қауіпті індет 800-ден астам адамға жұқты. Оның 26-сы көз жұмды.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы