Алматыдағы оқушылар сарайының тәлім алушылары «Алматы тазалық» коммуналдық кәсіпорнының көше тазалауға арналған техникаларымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
800-ден аса қызметкер жұмыс істейтін мекемеде бүгінде 751 көлік бар. Олар шаһар аумағының 66 пайызын тазалаумен айналысады. «Таза Қазақстан» науқаны аясында ұйымдастырылған іс-шарада 20 оқушы көшеге су шашып, қаланы шаң-тозаңнан тазартатын жаңа техникаларды жақынырақ қарауға, тізгінін ұстап көруге мүмкіндік алды. Сала мамандары болса, коммуналдық көліктерге қатысты деректерді егжей-тегжейлі түсіндіріп, аумақты толығымен аралатып шықты.
– Көп техника көрдім. Маған өте ұнады. Олар қалаға керек, – деді оқушы Әділжан Марат.
Ал кәсіпорын техникаларын қысқы кезеңге дайындау жұмысы жалғасып жатыр. Биыл қала бойынша 850 коммуналдық көлік пен 1400-ге жуық адам қар тазалау үшін жұмылдырылмақ. Сондай-ақ 20 арнайы техника сатып алу да жоспарланған. Оның үшеуі көктайғақпен күресуге арналған көліктер. Тіпті көшелерде мұз қатпас үшін 34 мың тонна тұз да дайын.
– Қысқа техниканы дайындап жатырмыз, 15 қазанға дейін барлық жқмыс аяқталады. Сондай-ақ инертті материалдар алынды. Мәселен 25 тонна ұнтақ, 4800 тонна тұз дайын, – деді «Алматы тазалық» МКМ директорының орынбасары Ертай Қасенов.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экоакциялар өткізілді