1 шілдеден бастап Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі өзгерістер күшіне енді. Яғни, бұдан былай отбасында жанжал болса, қол көтерген адам сотта жәбірленушімен бір-ақ рет татуласа алады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жанжал қайталанса, сот тараптарды заң бойынша татуластыра алмайды. Отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамалады. Сонымен қатар кінәлі деп танылған адамды қоғамдық жұмысқа тарту көзделіп отыр. Полицейлердің айтуынша, бұл жәбірленушіге психологиялық қысымның алдын алуға септеседі.
– Бұл адамдар полицияның профилактикалық есебіне қойылады. Полиция олардың өмір салты мен мінез-құлқын бақылауды күшейтеді. Осы тыйымдар бұзылған жағдайда соңғы өзгертулер бойынша 10 тәулікке қамауға алу жауапкершілігі көзделген. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзу ісін қарау кезінде заң бұзбас үшін сот оның мінезіне қатысты ерекше талап қоюға құқылы, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.