Күн сайын сағаттап кезекте тұратын қариялар ақыры үйлеріне құр қол қайтады. Өңірде дәрі жетіспей ме әлде өзге себеп бар ма? Кезекте бірнеше сағаттап тұрған қарт адамдар ақыр соңында үйлеріне құр қол қайтады екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тегін дәріні тездетіп-ақ алғысы келгендер кем дегенде 5 сағат кезекте тұруға мәжбүр. Оның арасында қария да, мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Олар мұндай жағдай ешкімге таңсық емес дейді. Себебі қалалық №2 ауруханадағы дәріхананың алдында жыл сайын 300-ден артық адам жиналатын көрінеді.
БЛИЦ:
«Қараша, желтоқсан айларында мүлдем мүмкін емес. Келсең, ауыздарын қу шөппен сүртіп шығарып салады. Осы екі күнде алсаң алдың, алмасаң болды, таусылады да қалады», – деді бір тұрғын.
«Дәрігерім сатып ал дейді. Ал мен ондай болса, ақшасын беруін сұрадым. Себебі біздің азын-аулақ зейнетақыға дәрі-дәрмек аламыз ба, әлде азық-түлік пе?», – деді бір зейнеткер.
Людмила Худякованың 30 жылдан бері қан қысымы қалыпты емес. Ал, тегін дәрі алу үшін сағаттап кезекте тұру денсаулығыма кері әсерін тигізіп жатыр дейді ол.
«Кеше кезекте 195-ші болып тұрдым. Кейін мұрнымнан қан кетті. Ал бүгін кезекте 220-шы болып тұрмын. Бүгін ала аламын ба, жоқ па білмеймін. Ай сайын осы жағдай қайталанады. Кардиолог дәрігерге барып түсірдім. Бірқатар дәрілер жазып берді. Соның ішінде тек «Физиотез» бен «Индапамидті» ғана тегін аламын», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Людмила ХУДЯКОВА.
Ал, ұзын-сонар кептелістің тууына дәрілердің жетіспеушілігі себеп. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары препараттарды жеткізуде қиындықтар бар дейді.
«Ауа-райына, көлік логистикасына байланысты кейде дәрілер жеткізілмей жатады. Арзан тұратын дәрілерді кейде тендерден ұтып ала алмай қаламыз. Кейде жеткізушілер табылмай қалады. Дәрілерді елордадан медициналық пунктқа дейін әкелу керек. Препараттарды бір камазға толтырып әкеледі, себебі үш адамға берілетін үш дәріге бола олар жүрмейді. Тасымалдау жұмыстарына біз жауап бермейміз», – деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан АЙМАНОВ.
Айта кетейін, Солтүстік Қазақстанда биыл 90 мыңнан астам азамат тегін дәрі алушылардың тізімінде тұр. Ал, былтыр 80 мыңнан астам науқасқа амбулаторлық дәрілермен қамтамасыз етуге республикалық қазынадан 5,3 млрд.теңге бөлінген екен.
Мөлдір Тәңірберген, Данияр Сүлейменов, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан