|
29.05.2020 | 20:50
4808

Алматыда әскерилер залалсыздандыру жұмыстарын қайта бастады

Қазақстан бойынша қауіпті індет жұқтырғандар осы өңірлерде азаймай тұр

Алматыда әскерилер залалсыздандыру жұмыстарын қайта бастады almaty.tv

Елімізде Қарулы Күштердің әскери қызметшілері залалсыздандыру жұмыстарын қайта бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Қазір Алматы, Талдықорған, Семей, Атырау және Ақтау қалаларында олар бірінші болып көшелер мен қоғамдық орындарды залалсыздандыру жұмыстарын қолға алды. Себебі  Қазақстан бойынша қауіпті індет жұқтырғандар осы өңірлерде азаймай тұр.

Қарулы Күштердің сарбаздары бүгін әдеттегі әскери киімін вирустан қорғану киіміне, ал қаруларын дезинфекциялық құрылғымен алмастырды.

Олар таң атқаннан, кеш батқанға дейін қаладағы коммуналды қызметкерлерімен бірлесіп, тынымсыз дезинфекция жүргізіп жатыр.

Әскери қызметкерлер қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасына дезинфекциялық жұмыстар жүргізуде. Өздеріңіз көргендей, әскери операция сәтті жүзеге асып жатыр. Дезинфекциялық жұмыстар кезінде бірден-бір таптырмас техника менің артымда тұрған АРС-14 деп аталатын автоқұйылмалы станиясы. Оның бөшкесі 6 тоннаны құрайды.

Сыймдылығы 6 тонна болатын бұл әскери құрылғы бір мезетте 6 мың шаршы метр аумақты дезинфекциялауға қауқарлы. Залалсыздандыру жұмыстары үшін хлорға тән иісі бар натрий гипохлорит қолданылады. Оның адамдар мен үй жануарларына зияны жоқ.

«Келісілген жоспарға сәйкес бүгін қалалық емхана мен бірнеше шипажайлар залалсыздандырылды. Оған 30-дан астам әскери қызметкерлер мен 10 АРС әскери техникасы тартылды. Карантин шараларының босаңсуына байланысты адам қарасы өте көп. Сондықтан дезинфекция өте тиянақты жүргізілуде», – деді ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының станса бастығы Талғат ӘБІШЕВ.

Дезинфекциялық жұмыстарға Алматы гарнизоны бойынша 150-ден астам, ал радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтынан 60 әскери қызметкер тартылған. Олардың денсаулықтары мен қауіпсіздіктері басты назарда. Қорғаныс құралдарымен қамтылған.

«Залалсыздандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін әскерилер арнайы медициналық тексеруден өтеді. Үстіндегі арнайы киімдері утилизацияға жіберіледі. Экспресс және ПЦР-тестті алу кезінде ешбір әскери қызметкерден оң нәтиже анықталған жоқ. Алматы гарнизоны бойынша 150-ден астам қызметкер мен 10 техника тартылған», – ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының баспасөз қызметкері Жанар ӘМІРЖАНОВА.

Елде төтенше жағдай режимі басталғалы әскери қызметкерлер еліміздің барлық қаласында жалпы ауданы 50 миллион шаршы метр, 10 мыңнан астам әлеуметтік нысандар және ұзындығы 4000 шақырымға жуық жол учаскелеріне дезинфекция жүргізген.  

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир