|
08.09.2020 | 16:24
1647

Еліміздегі экстракорпоралды ұрықтандыруға берілетін квотаны 7 есеге арттыру үлкен жетістік – Салтанат Байқошқарова

7 мың квота арқылы жылына қазір тіркеуде тұрған сәбиге зәру жұптардың 80 пайызына дейін көмектесе алады

Еліміздегі экстракорпоралды ұрықтандыруға берілетін квотаны 7 есеге арттыру  үлкен жетістік – Салтанат Байқошқарова almaty.tv

Еліміздегі экстракорпоралды ұрықтандыруға берілетін квоталарды 7 есеге арттыру  үлкен жаңалық, үлкен жетістік. Қазақстан Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Салтанат Байқошқарова дәл осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айтуынша, 7 мың квота арқылы жылына қазір тіркеуде тұрған сәбиге зәру жұптардың 80 пайызына дейін көмектесе алады. Осы реттегі өзекті сауалдарымызға жауап беру үшін Салтанат Байқошқарова студиямен тікелей байланысқа шығып отыр.  

– Салтанат Берденқызы, пробиркадан шыққан алғашқы қазақстандық баланың авторы ретінде қазіргі кезде еліміздегі экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі қалай дамып жатқанын айтып берсеңіз.

– Сұрағыңызға рахмет. Осы ширек ғасырда Қазақстанда сонау 25 жыл бұрын екі-үш қана маманның күшімен басталған осы біздің орталық. Қазіргі кезде жүздеген маман дайындап, 10 шақты клиникамыз бар Қазақстанда.  Дүние жүзіндегі қай технология бар осы экстракорпоралды ұрықтандыру мәселесі айналасында, соның барлығы біздің Қазақстанда жасалады. Сондықтан да бүгінгі күнде Қазақстандағы экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінің деңгейі дүниежүзілік деңгейде деп айтуға болады.

– Президент өз Жолдауында жасанды ұрықтандырудың квоталарын 7 есеге арттыруды тапсырды. Бұл сәби аңсап жүрген отбасылардың мәселесін қаншалықты шешеді?

– Енді бұл үлкен жетістік. 2010 жылдан бастап квоталар беріле бастады. Алғашқысында жылына 100 квота болды. 10 жылдың ішінде мың квотаға жеткен биылғы жылы. Енді 7 есеге көбейтуі – үлкен жаңалық, үлкен жетістік деп ойлаймыз Қазақстандағы. Біз бүгінгі күнге қанша тіркеуде тұрған облыстың орталықтарында, үлкен қалаларда тіркеген кісілердің осы 7 мың квота арқылы жылына қазіргі кезде 60, 70, 80 пайызына дейін қамти алады деп ойлаймын. Бірақ енді болашақта тағы да көбейтуге тура келетін жағдайлар болады деп ойлаймыз. Өйткені нақты тіркеуде тұрған, бедеулікпен бетпе-бет тұрған жұптардың саны анық емес Қазақстанда. Бірақ дүниежүзілік статистика бойынша әрбір 5-6 отбасыда осы мәселе кездеседі деп айтылғанымен, қазір цифрландыру арқылы барлық жұптарды тіркеуге алып, нақты цифрын білсек, болашақта қанша квота керек екені, әлеуметтік сақтандыру медициналық жүйесі арқылы көмекке, соған бағыттаймыз деп ойлаймыз.

– Цифрландыру деп отырсыз. Бұл сіз жуырда ғана ұсынған бедеулігі бар адамдардың бірыңғай реестрі ғой?

– Енді жаңа айтып кеткенім, сол тіркеу дегеніміз регистр. Регистр дегеніміз бүкіл Қазақстан бойынша мысалы қанша бедеу әйел бар, қанша бедеу еркек бар, жалпы қанша бедеулікпен бетпе-бет кездесіп жүрген жұп бар. Соны анық білсек, көмектің де көлемін болашақта көбейтуге мүмкіндік береді. Өйткені бедеулікпен пациент 100 жыл да өмір сүреді. Ол өміріне қауіп төнетін ауру емес. Сол себепті олар тіркеуге нақты тұрмай, әр клиникаға бір барып береді. Ал бұрынғы кезде қағазбен ғана есептейтін тіркеу қазіргі жағдайға жарамайды. Сондықтан қазіргі цифрландыру технологиясы арқылы соның барлығын қолға аламыз деп ойлаймыз.    

– Тұщымды жауабыңызға рахмет! Бізбен тікелей байланыста Қазақстан Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Салтанат Байқошқарова болатын.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир