Алматылық заңгерлер кімдерге рақымшылық жасалатынын айтты

kaz.tengrinews.kz
kaz.tengrinews.kz
Қақтығысқа қатысы бар деген 1600-ге жуық адам анықталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Рақымшылық – бұл ақтау емес, қылмыстық жауапкершіліктен босату». Алматылық заңгерлер Мемлекет басшысы қабылдаған Заңды түсіндіріп берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың айтуынша, бұл – тек бір реттік акті. Мемлекет басшысы қабылдаған «Рақымшылық» заңы тек қана Қаңтар оқиғасына қатысы бар азаматтарға бағытталған. Бірақ бұл құжат елге сатқындық жасап, билікті асыра пайдаланғандарға, оқиғаны ұйымдастырғандарға, лаңкестер мен экстремистерге және адамдарды азаптағандарға қолданылмайды.

«Жаза деген тек қана өрескел, тікелей сол қылмысқа барған адамдарға қылмыстық жауапкершілік нақты болуы керек. Ал бұл жерде алданып, өзгелердің соңынан еріп кеткендер бар. Сондықтан заң өте орынды қабылданған», – деді «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Мақұлбаев.

Рақымшылыққа бейберекет кезінде көпшіліктің ықпалына бой алдырған, бастапқыда шабуыл жасауға мақсаты болмағандар ілігеді. Ал ауыр және аса ауыр қылмысты жасаған азаматтардың жазасын өтеу мерзімі қысқарады. Тұтқындарды азаптаған немесе басқа да қылмысқа барған құқық қорғау органдарының тек бір ғана қызметкерінен басқасына амнистия берілмейді.

«49 адам, менің білуімше қазіргі уақытта қылмыстық жуапкершілікке тартылып жатыр. Соның ішінде бір-ақ адамға ғана рақымшылық жасалады. Неге десеңіз, ол көрген қылмысын жасырған. тікелей қылмысқа қатыспаған», – деді «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Мақұлбаев.

Тағы айта кетерлігі, кешірім жасалған азаматтар босап шыққан соң, мемлекеттік қызметтен басқа жұмысмен айналыса береді.

«Өз әрекетіне өкінген адамға мүмкіндік. Өйткені олардан қылмыскер статусы алынып тасталады. Ол кісінің өміріне, болашақта жұмысқа тұруына ешқандай кедергі болмайды. Сондықтан бұл Заңның қабылдануын мүмкіндік деп ойлаймын», – деді заңгер Салтанат Диханбаева

Заңгерлердің айтуынша, рақымшылықты қолданудың өзіндік шарттары бар. Кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінген айыпталушылар тергеушіге, прокурорға немесе сотқа өтініш жазуы тиіс.

«Рақымшылықтың талаптарына сай ол міндетті түрде өз кінәсін мойындауы керек. Егер де «жаппай тәртіпсіздікке қатысқан жоқпын, мойындамаймын» десе, ондай азаматтар рақымшылықтан өтініш хат жазу арқылы бас тарта алады. Өзінің кінәсіздігін сотта дәлелдей алады», – деді заңгер Ғабит Өмірбеков.

Еске салсақ, Қаңтар оқиғасы кезінде 5 мыңға жуық қылмыстық заң бұзу тіркелген. Қақтығысқа қатысы бар деген 1600-ге жуық адам анықталған. Бүгінде 1500 адамға рақымшылық жасалмақ. Заңгерлердің айтуынша,  олардың біразы айналасы 1,5 айдың ішінде бостандыққа шығуы мүмкін.

Назкен Еркін, Рашиддин Якупов, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров