Ақтөбеде 90-нан асқан тыл ардагері лашықта тұрып жатыр

Ақтөбеде 90-нан асқан тыл ардагері лашықта тұрып жатыр
Қарт майдангер совет үкіметінен де, қазақ билігінен еш қайыр көрмеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

93 жастағы тыл ардагері Рахила Қанатбаева адам шошырлық жерде өмір сүріп жатыр. Соғыс азабын тартқан кейуана бейбіт заманда да рахат көре алмай отыр. Үш ұлы қайтыс болып кеткен ана бүгінде күйеу баласының қолында, мекеме күзетшісінің лашығын паналауға мәжбүр. Аядай ғана үйде ауыз су да жоқ. Тұла бойынан әбден суық өткен ардагерді қызы әлі күнге дейін пеш жағылып жылытып отыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Шешеміз соғыс жылдарында еңбек еткен, оның үстіне өмір бойына үкіметке жұмыс жасаған адам. Анамды салмақ көріп отырған жоқпын. Тек біздің тұрып жатқан жеріміз қарт кісіге қолайсыз. Жолдасым екеуміз жеке мекеменің күзетшісі болып жасаймыз.Сол жердің сарайын паналап отырмыз. Мұнда газ жоқ, от жағамыз. Суды да тасып ішеміз. Әкімдіктен бірнеше рет көмек сұрадық. Олар шешемнің атында баспана бар екенін айтады. Ол – Шалқар қаласындағы  құлайын деп тұрған үй. Оның қабырғалары үгітіліп жатыр. Ал бұл кісінің не өмірі қалды дейсіз?.. Тым құрыса сол қалған қысқа ғұмырында заманның жетістігін көріп кетсе деймін. Әркімнің есігін қағып жүргенімізге бірнеше жыл болды», - дейді ардагердің қызы Алмагүл Қанатбаева.

Қаршадайынан соғыс көрген қария әлі де тың, ойы жүйелі. Сұрапыл замандағы қиын кездерді күні кеше болғандай айтып берді.

«Небір қиын заманды көрдік. Әкеміз үлкен бай, ауқатты адам болған. Кейін репрессияға ұшырап, балалары жан-жаққа кетті. Сондықтан «байдың қыздары» деп бізді ерте соғысқа жіберді. 15 жасымда пойызға мініп, немістер қиратып кеткен Астрахань қаласына бардық. Ол кезде аяғымызда аяқ киім деген жоқ. Қатты қағазды аяғымызға шөппен орап алып, Астрахань қаласындағы окоп қаздық, қираған үйлерден мүрделерді алып шықтық. Арқамызға мәйітті салып келе жатқанымызда қатты қорқатын едік. Сол  көріністер сөзбен айту мүмкін емес. Үнсіз көніп, қабақ шытпай, тіпті нәр сызбастан еңбек еттік. Сонда біз тек «соғыс тезірек бітсе екен» деп қана армандайтын едік» , -дейді Рахила Қанатбаева.

Рахила Қанатбаева 1926 жылы Шалқар ауданының Талдықұм ауылында туған. Соғыс даласында бір жылдай болған.

«Госпитальда жаралыларды тасып, жарақатын таңған дәкелерді тазалап, ота жасайтындарға ыстық су қайнатып отырдық. Ол кезде бәрі қат болатын. Өлген сарбаздардың аяқ киімін киіп жүрген кездеріміз де болды. 1943 - 1944 жылдары Астрахань қаласында болдық. Сол кезде тексеріс болып, оқушы балалар деп бізді қайтарып жіберді», – дейді тыл ардагері.

Тыл ардагері соғыс жылдарынан кейін шойын балқыту цехында еңбек еткен. Қарт майдангер совет үкіметнен де, қазақ билігінен ештеңе алып көрмеген. Қазір күзетшінің лашығында пешке жылынып отыр.


Новости партнеров