|
19.01.2023 | 16:28
1703

Сенат майнинг қызметін реттейтін құжатты Мәжіліске қайтарды

Заңды талқылау кезінде бірқатар өзгерістер мен түзетулер енгізген

Сенат майнинг қызметін реттейтін құжатты Мәжіліске қайтарды Сурет: pixabay.com

Елімізде цифрлық майнерлер де енді салық төлейді. Бұрыңғыдай олар электр энергиясын жалпы электр жүйесінен тікелей ала алмайды. Елдегі майнерлер қызметін заңмен реттеу тәртібі бүгін Сенат отырысында пысықталды. Жоғары палата депутаттары майнинг жұмысына қатысты бірқатар заң жобасы мен ілеспе құжаттарды Мәжіліске кері қайтарды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өткен жылы Қазақстанда майнинг қызметі біраз мәселе туындатқаны белгілі. Салдарынан елде электр энергиясының тапшылығы болды. Министрлік проблемамен танысып, Президент тапсырмасына сай майнерлердің қызметіне байланысты техникалық шарттар қайта қаралады деген еді. Алда қабылданатын жаңа Заң жобасы осы олқылықтың орнын толтырмақ. Яғни, табысқа салынатын салық бюджетке тікелей түседі. Барлық майнер аккредиттелген қазақстандық майнингтік пулдар арқылы жұмыс істейтін болады.

«Халықты мазалайтын мынау майнинг саласында азаматтар айналысатын электр энергиясын тұтыну мәселесі шешімін тауып жатыр. Шектеулер қойылған. Біріншіден бұл – азаматтардың бүгінгі күнде алатын электр қуаты жаңарту көздері», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков.

Өткен жылы депуттар бастама көтеріп, майнинг қызметін реттейтін Заң жобасын әзірлеп, бірқатар өзгертулер еңгізген еді. Бүгін талқылаудан соң, Сенат құжатты Мәжіліске кері қайтарды. Цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензиялардың атауларын нақтылау ескеріліп отыр. Майнинг қызметін жарнамалауға қатысты нормаларды алып тастау жағы да ұсынылды.

«Бұған дейін майнинг жұмыстарын негізінен бұлттық сервистерде бейрезиденттер жүзеге асырды. Қазақстан блокчейн индустриясының шикізат қосымшасы ретінде пайдаланылды. Заң жобалары бойынша біз кеншілерді Қазақстанда лицензиялауға, яғни заңды тұлғалар құруға міндеттейміз. Міндетті түрде лицензия алу керек», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі департамент директорының орынбасары Ғизат Байтұрсынов.

Қазақстан қазір криптовалюта өндіруден әлемдегі ең ірі ойыншылардың біріне айналды. Статистикаға жүгінсек, АҚШ-тан кейін екінші орында келеміз. Сондықтан депутаттар «бұл саланы тікелей заңмен реттеу керек» дейді. Ал оған қатысты Заң жобасы әлі де шикі күйінде. Пысықтауға Мәжіліске қайта жіберілді. Болжам бойынша құжатты сәуір айынан бастап күшіне енгізу жоспарланған.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир