Ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі Informburo.kz интернет басылымының шығарушы редакторы Дана Круглова да қара жердің қойнына берілді. Дана болашағынан үміт күттірген талантты тілші еді. Кез келген журналистің жүрегі дауаламайтын даулы мәселелердің шешілуіне қаламымен атсалысып, есімін қалыптастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаламдас әріптесіміз Дана Круглова жаңа жылды елордадағы туғандарымен бірге қарсы алуға асықты. Алайда оған ет жақындарымен жүздесуді жазбапты. Небәрі 35 жасында жапырақ ғұмыры үзіліп түсті. Бүгін әке жүрегі қан жылап тұр.
«Менің қызым Дана жүрегі кең адам еді», - дейді әкесі.
Дана Круглова қайсарлығымен қайран қалдыратын. Көбіне түйткілді мәселелерді қаламына арқау етіп, өткір мақалаларымен көзге түсті. Журналистиканың баспалдағынан өтіп, бірнеше баспада еңбек етті. Жақында ғана Informburo.kz сайтында қызметі жоғарылап, туғандарынан сүйінші сұраған. Оның кәсіби шеберлігі жоғары еді, дейді әріптестері. Дарынды Дана ажал құшты дегенге достары мен әріптестері әлі күнге сене алмай жүр.
«Дана өте адал талантты журналист. Адамдарға көмектесуге дайын тұратын. Өте қызық тақырыптарға қалам тербеді. Жұмыста орны ойсырап бос тұр. Біз үшін орны толмас қайғы», - дейді Д. Круглованың әріптесі Данияр ЕНИКЕЕВ.
«Дананы танығаныма 13 жылдан асты. Жақын күндері мен оған хабарласуды ойлап жүргем. Үлгермей қалдым. Қаралы хабарды естігенде, есеңгіреп қалдым. Сенбедім. Ол өмірге ғашық еді. Ақжарқын, қолы ашық, дария көңілді адам болатын», - дейді Д. Круглованың досы Евгений ТАНКОВ.
Нұр-Сұлтан қаласында Дана Круглованы ағайын-туысы, достары мен әріптестері, оқырмандары ақтық сапарға шығарып салды. Жас болса да қазақ журналистикасында есімін қалдырып үлгерген әріптесіміздің жақындарына біз де қайғыра көңіл айтамыз.