Алматыда белгілі спорт журналисі, әйгілі комментатор, футбол ардагері Диас Омаровтың өмір жолына арналған «Вел репортаж Диас Омаров» атты кітап жарыққа шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүкіл ғұмырын журналистикаға арнаған тұлғаны еске алу кешіне әріптестері, шәкірттері мен ет жақындары қатысып, естеліктер айтты.
«Менің ойымша, оның адамгершілік қасиеттері сүйікті мамандығына деген адалдық пен кәсіпқойлықты қалыптастырды. Сол арқылы ол өзгелерден ерекшеленіп тұратын. Сондай қасиеттерінің арқасында бүгін достары мен шәкірттері әкемнің өмірін кітап қылып шығарыпты», – деді Диас Омаровтың қызы Алина Самай.
Шара аяқталған соң «Қайрат» футбол клубының ардагерлері мен журналистер арасында футбол ұйымдастырылып, 2:2 есебімен тең тарқасты.
«Диас өте жақсы азамат еді. Мінезі кішіпейіл, қарапайым, артық сөйлеуді білмейтін. Шәкірт тәрбиелеу мәселесіне үлкен мән беретін. Шәкірт – біздің ісіміздің жалғасы, жалғастыратын саты», – деді спорт коментаторы Рабат Жәнібеков.