|
Қоғам
19.08.2019 | 16:35

Алматыда «Аулардан таза – су айдындары» акциясы өтті

Акция еліміздегі 80-ге жуық өзен-көлді қамтыған

Алматыда «Аулардан таза – су айдындары» акциясы өтті

Елімізде демалыс күндері дәл осындай атаумен экологиялық акция ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның барлық өңірінде өткен шараға 5 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елорда маңындағы акция Нұра өзенінде ұйымдастырылған шарада мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, белсенділер мен еріктілер оны браконьерлер құрған синтетикалық аулардан тазартты. Бұдан бөлек, олар жағадағы күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды жинады. Жалпы еліміз бойынша шараға бұл күні 5000-нан аса адам қатысқан.

«Өздерің білесіздер кең байтақ даламызда көптеген өзендер, су айдындары бар. Бірақ соңғы жылдары мынау қытай ауы деген үлкен бір проблема болды. Біз өз тарапымыздан Қытайдан алып келуге тыйым салдық заңға өзгеріс енгізіп. Одан тыс бұл ауды сатуға да тыйым салдық. Дегенмен де бұл аулар әлі де болса қолданыста», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан НЫСАНБАЕВ.

Ал бұның бәрі балықтардың көбеюіне айтарлықтай залалын тигізіп жатыр дейді экологтар. Айтуларынша, синтетикалық аулармен балық аулайтын браконьерлер табиғат қорғау инспекторларын көрген сәтте, арзан ауларды суға тастап кете береді. Ал көпке шейін шірімейтін бұл торларға балық түсіп, қырылады. Оған балықтан басқа суда жүзетін құстардың түсуі мен өлу қаупі де жоғары. Бұл өз кезегінде су айдындардың санитарлық жағдайының нашарлауына әкеп соғады.  

«Аулардан таза су» іс-шарасы бүгін алғаш рет өткізіліп отырмағанын атап өту керек. Жалпы ай сайын ұйымдастырылатын акция. Мәселен, мамыр айында еліміздің су қоймаларынан аулардың 350 шақырымы жиналған екен.

Акция еліміздегі 80-ге жуық өзен-көлді қамтыған. Аталған жұмыстарға 400-ге жуық суда жүзгіш құрал тартылды. Осылайша 62 гектер жер иесіз аулар мен тұрмыстық қоқыстан тазартылды.

«Жаңа ғана шығып келдік. Қытайдан шыққан ауларды, бөтелкелер мен қоқыстардың бәрін жинадық.  Осындай мәселе жыл сайын болса, өте жақсы бастама деп ойлаймын», – деді «Қансонар» республикалық қауымдастығының бас директоры Хаирбек МУСАБАЕВ.

Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтауға арналған мұндай экологиялық шараны өзен-көл маңындағы елдімекендердің тұрғындары да қолдап жатыр.

Атап өту керек, ел аумағындағы су қоймалары алдағы демалыс күндері де тазартылатын болады.