Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров «Көкжайлау» жобасын іске асыруға қатысты әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала әкімдігінен мәлім еткендей, Алматы билігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Көкжайлауға» қатысты тапсырмаларын ұстанады.
«Бүгін «Көкжайлауға» қатысты бірқатар жазбалар пайда болды. Алып-қашпа әңгімелер болмауы үшін турасын айтайын, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың курорт құрылысын кейінге қалдыру жөнінде тапсырмасы бар. Әкімдік осы тапсырманы ұстанады. Өзгелері қаралмайды әрі талқыланбайды», - деп келтірілген Е.Бабақұмаровтың сөзі әкімдіктің Instagram-дағы парақшасында.
Бұғанға дейін журналист Вадим Борейко Facebook-тегі парақшасында «Көкжайлау» тау-шаңғы курортты аймағының құрылысы 2020 жылы басталуы мүмкін екенін жазды. Оның айтуынша, мұндай мәліметтер туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған бағдарламасында бар. Құжат Үкіметтің 2019 жылғы 31 мамырдағы Қаулысымен бекітілген.
Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Көкжайлау» тау-шаңғы курортының құрылысын кейінге қалдыруды ұсынып, ол бойынша тиісті шешім қабылданған болатын.