«Алла перзентің арқылы сынамасын!» Естеріңізде болса, біз «лейкоз» ауруына шалдыққан 5 жастағы Заңғар есімді бүлдіршіннің жағдайын айтып, бейнематериал дайындаған болатынбыз. Жақында балланың еміне деп еріктілер тобы қомақты қаржы аударыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Естеріңізде болса, Кореяда ем алып жатқан Заңғардың әке-шешесі, бауыр еті баласына жабысқан аты жаман аурудан айығуына елден көмек сұраған болатын. Содан бері Заңғардың өміріне араша түсуге ат салысып жатқандардың қарасы көбейген. Бұған Заңғардың туыстары алғыстан басқа айтарымыз жоқ дейді. Құрметті көрермен, сіздің де жан жылуыңыз, кішкентай бүлдіршіннің аяқтан тұрып кетуіне себепкер болуы мүмкін.
«Елімізде қайырымды жандар өте көп екен. Жан-жақтан хабарласып қолынан келген көмектерін беріп, ешкім ештемеден аянып жатқан жоқ. «Қайырымды жандар» қоры кеше келіп, баланың жағдайын біліп алғаннан кейін Кореядағы баланың клиниканың есеп шотына бірден 6 миллион 300 мың теңге қаржылай көмек берді», – дейді Заңғардың атасы Сейфулла ҚОСПАНОВ.
Бұл – халықтың қайырымдылыққа деп берген қаражаты. Заңғарға аударған ақша басқа бір бүлдіршіннің еміне жиналған екен. Алайда, көзі көрмей қалған жеткіншекке 9 млн 700 мың теңге берілген. Ал, артылған 6 млн теңгені біздің арнадан шыққан материалдан кейін қайырымдылық қор осында жіберсек деп шешкен.
«Біздің Заңғарды таңдаған себебіміз, ата-анасының нақты дұрыс жолда келе жатқаны біріншіден көзге түседі. Өйткені, қай бала болмаса да баласының өмірі ата-анасының қолында. Ата-анасы апаратын жері нақты біліп, барлық құжаттарын дұрыс жинап, апаратын жермен, халықпен дұрыс жұмыс істеп түзу жолмен келсе нәтижесі болады», – деді «Қайырымды жандар» еріктілер тобының жетекшісі Айдын ТОҚСАНБАЕВА.
Тағы да айта кетейік, жалпы Заңғардың отасына 162 мың, ал химия терапияның әр курсына 12 мың АҚШ доллары қажет. Теңізге тамған тамшыдай болса да, Заңғардың өмірін сақтап қалуға сізде үлес қосуға асығыңыз. Заңғардың Қазақстандағы әпкесінің атына ашылған шот нөмірі экранда көрсетулі.