ТЖ кезінде елімізде 3D форматында экскурсия ұсынатын қандай музейлер мен қалашықтар бар

kz.zhetysu.travel
kz.zhetysu.travel
Бүгінге дейін мұражайларда 150-ден астам онлайн-шара өткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төтенше жағдай уақытында үйден шықпай виртуалды мұражайларды тамашалауға болады. 3D форматында экскурсия ұсынатын еліміздегі музейлер мен ескі қалашықтарды Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова атады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айтуынша, Бозоқ, Сарайшық, Сауран және Отырар қалашығы, сондай-ақ, Берел және Есік қорғаны сияқты тарихи-мәдени орындарға бүгінге дейін 100 мыңнан астам серуен жасап, ал, мұражайларда 150-ден астам онлайн-шара өткен.

«Ерекше тоқталатын жобалардың бірі – Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер галереясы әзірлеген есту қабілеті нашарлаған азаматтарға арналған арнайы бейнеэкскурсиялар. Және есту қабілетінен айырылған 18 мыңнан астам адам үшін экскурсияларды бастап кетті. Сондай-ақ, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана да тек карантин кезінің өзінде 25-тен астам шығарманы әлеуметтік желілерге орналастырды. Брайль шрифті бойынша 130-дан астам кітап, аудиокітап, соның ішінде Ұлы Абайдың шығармаларын таратты», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА.

Ал кітапсүйер қауым үшін ұлттық электронды кітапхана тәулік бойы қызмет көрсетеді. Уақытын тиімді өткізгісі келетіндер үшін «kazneb» атты портал тәулік бойы  жұмыс істейді. Әрбір қазақстандық үшін тұрғылықты жеріне қарамастан, газеттер, кітаптар, журналдар, жалпы Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасының қоры қолжетімді.

«Қазақфильм» киностудиясы ресми Youtube арнасына «Алтын кино қор» жобасымен - 1938-2002 жылдарға дейін түсірілген 60-тан астам фильмдерін жүктеді. Бүгінгі күні осы Youtube арнасындағы көрермен саны 10 миллионнан асқанын айта кету керек», – деді деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА.

Ақтоты Райымқұлова Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп әзірлеген «Карантиндегі жұлдыз» онлайн-жобасына көрермен тарапынан жағымды пікірлер айтылып жатқанын да сөз етті. Жоба іске қосылған сәттен бастап қазақстандық өнер жұлдыздарының қатысуымен 15 миллион көрерменге дейін қамтитын 30 онлайн-концерт өткізілген. Ал COVID-19 пандемиясына байланысты елімізде биыл астана күні қалай тойлануы мүмкін деген сауалға министр жоспар елдегі карантинге байланысты әзірленетінін жеткізді. Бұл ретте онлайн-режимдегі жобалар да көп болатынын алға тартты. Елордамыздың мерекесіне орай мәдени шараларды лайықты деңгейде даярлайтынымзды айтқым келеді, деді ол.

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы Нұр-Сұлтаннан


Новости партнеров