Алматылықтар 25 қазаннан бастап жаңарған Жібек жолының бойымен серуендей алады

Алматылықтар 25 қазаннан бастап жаңарған Жібек жолының бойымен серуендей алады
9 мың ш.м жерге жасыл-желек егіліп, 136 ағаш орындық, 60 шам, 70 қоқыс жәшігі қойылмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Жібек Жолы, Достық және Байсейітова көшелері қайта жөндеуден өтеді. Келесі айдан бастап қызу құрылыс басталмақ. Нақтырақ айтсақ, өзгеріс Желтоқсан көшесі мен Сейфуллин даңғылы аралағын қамтиды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Онда жаяу жүргіншілерге арналған жолдар көбейіп,  ағаш орындықтар қойылып, айналаның бәрі жасыл-желекке оранғалы жатыр. Сонда-ақ онда субұрқақтар көптеп салынып, жарық шамдар орнатылмақ. Тіпті, қоқыс тастайтын жәшіктердің орны да алдын-ала белгіленіп қойған. Қысқасы, Алматының арбаты секілді тұрғындардың жаяу жүріп, демалуына ыңғайлы болмақ.

Айта кету керек, жобаның үлгісі бойынша жаңаратын көшенің ұзындығы - 550 метрді, аумақтың көлемі-3,1 га-ны құрайды.  Жалпы, аумағы 9 мың ш.м жерге жасыл-желек егіліп,

136 ағаш орындық, 60 шам, 70 қоқыс жәшігі қойылмақ.

«Бұл көше де Панфилов көшесі секілді технологиямен өзгертіледі. Көліктерге бір жолақ қалдырамыз. Өйткені, онда сауда орындары бар. Аэровокзалға қарама-қарсы бетте субұрқақ болады. Айналасы шамдармен жарықтандырылады. Бастысы оның ескі келбетін сақтаймыз, тек қайта қалпына келтіреміз. Бұл жолы жаяу жүргінші жолына төселінетін плиткалар өзіміздің отандық өнім», – дейді Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан АХМЕДЖАНОВ.

Мегаполисте ұзын сонар көлік кептелісінен шаршаған қарапайым халық бір мезгіл жаяу серуендейтін жолдардың ұзаратынына дән риза. Оның үстіне, айналаның абаттандыру жұмысы дакөз қуантады. Тіпті қалаға келген туристерді ұялмай апаратын жер көбейетін болды дейді бұқара.  

«Айналаң гүлдерге тұнып тұрса, субұрқақтардан салқын самал есіп тұрса, қалада жаяу жүре бергің келері сөзсіз», – дейді тұрғындардың бірі.

Жібек жолы көшесін жаңғырту жұмыстары тек тұрғындарға ғана емес, сондай-ақ осы аумақта кәсібін дөңгелетіп отырған іскерлерге де оң серпін берген екен. Мәселен былтыр Панфилов пен арбаттағы мейрамханаларға келушілердің саны 40 пайызға артып, соның арқасында оларға түсетін табыс та 1,5 есеге өсіпті.

«Панфилов көшесінің қайта жөндеуден өткені біз үшін оң әсерін тигізді. Өйткені, дәл осы көшенің бойымен өтетін адамдардың саны екі есеге артты. Әсіресе, жаздыгүні кешкі уақытта немесе демалыс, мереке  күндері мейрамханаға келушілердің қатары қарқынды түрде артып келеді. Сәйкесінше, бизнестен түсетін түсім де молайды», – дейді мейрамханалар желісінің әкімшілік директоры Дмитрий ГУЛОВ.

Урбанистер бұл жобада ұсақ-түйекке дейін мән беретіндерін айтады. Бұйырса, Алматы тұрғындары 25 қазаннан бастап жаңарған Жібек жолының бойымен серуендей алады.

Әйкерім Ерндәулетқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров