Ел президенттігіне үміткердің бірі - Әміржан Қосановтың аймақтардағы штабы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кандидаттың өзі жуырда барып, тұрғындарымен кездескен Қостанай қаласында оның өкілдері енді үнпарақ таратуды қолға алды. Бұдан бөлек, әр азаматтың облыс орталығындағы штабта саяси бағдарламамен танысып, көкейінде жүрген сауалдарға жауап алуға мүмкіндігі бар.
«Аумақ бойынша бізде 20 шақты аудан бар. Сол жерлерде түгел үнпарақтар таратып жатырмыз. Жұмыстар жақсы жүріп жатыр», – дейді ҚР Президенттігіне үміткер Әміржан Қосановтың өңірлік сайлауалды штабының жетекшісі Серік САТМҰХАНБЕТОВ.
Облыстық штабтың басты мақсаты – сайлауалды бағдарлама жайлы ақпаратты барынша көп адамға жеткізу. Сондықтан бұл іске аймақтағы белсенді жастар да тартылды. Жалпы, еріктілерді үгіт-насихат жұмыстарына араластыру - барлық өңірде қолға алынды.
«Адамдар көп жиналатын қоғамдық жерлерде үнпарақтарымызды таратып жатырмыз. Ол жерде біздің кандидатқа жиі қойылатын сұрақтарға түгел жауап берілген. Қазіргі таңда қаладағы барлық көшелердің қиылысында біздің плакатарымыз ілініп тұр. Штабымыз барлық еріктілерге ашық», – деді ерікті Уәлихан ЖАНДОС.