Алматыда төтеншеліктер көпшілікке апатты жағдайда құтқару техникасымен таныстырды

Алматы телеарнасы
Алматы телеарнасы
Жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларын түсіндірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін – бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні. Алматыда мерекеге орай төтеншеліктер көпшілікке өздері қолданып жүрген құтқару техникасын таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ, көрмеде Түркиядағы жойқын зілзала салдарын жоюға қолданылған құтқару жабдықтары да қойылды. Халыққа құтқарушылар өз жұмысын көрсетіп, жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Жалпы көпшілікті айтып келмейтін апатқа дайындау үшін төтеншеліктер былтыр 3 жарым мыңнан аса сейсможаттығу өткізген екен.

«Біз қараша айынан бастап каскадты түрде халықты жер сілкінісіне, төтенше жағдайлар, өрт кезінде қалай іс-қимыл жасау керек туралы оқыту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі кезде 800 мыңдай адам каскадты түрде оқытылды. Бүгін сағат 10:10 кеткен кезде Алматы қаласында халықты хабарландыратын жүйе іске қосылды», – деді қалалық ТЖД басшысының орынбасары Ерлан Әлібеков.

Биыл Алматыда осыған дейін пилоттық режимде жұмыс істеп келген Darmen жүйесі толыққанды іске қосылады. Төтеншеліктер мобильді қосымша арқылы елді түрлі төтенше жағдайда хабардар етіп отырмақ. Оған қоса, биыл еліміздегі университеттің бірінде оқу сыныбы ашылды. Енді жоғары оқу орнында 10 мыңнан аса адамға жоспарлы түрде қауіпсіздікке байланысты сабақ өткізіледі. Сондай-ақ, техникалық университет Түркияда ерекше ерлік көрсеткен 5 құтқарушыға білімін жетілдіру мақсатында грант бөлді.

«Түркияда зілзала болғанын өздеріңіз білесіздер. Сол жерде ерекше еңбек көрсеткен, батырлық іс-қимыл жасаған төтенше жағдайлар қызметкеріне 5 университеттің грантын бөліп жатырмыз. Төтенше жағдайлар қызметкерінің көбісі колледж бітіріп, содан қызмет жасап жатыр», – деді Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚАЗҰТЗУ проректоры Ержан Күлдеев.

Новости партнеров