|
05.03.2019 | 18:54
6703

Бердібек Сапарбаев: Көмекке мұқтаж отбасыларды анықтайтын тетік енгізіледі

Елімізде аз қамтылған отбасыларға арналған бірыңғай әлеуметтік қызметтер пакеті іске қосылады

Бердібек Сапарбаев: Көмекке мұқтаж отбасыларды анықтайтын тетік енгізіледі

Елімізде аз қамтылған отбасыларға арналған бірыңғай әлеуметтік қызметтер пакеті іске қосылады. Мәселен, күнкөрісі төмен жанұялар тоғыз түрлі көмекке қол жеткізеді. Оның ішінде, отбасы мүшелері қоғамдық көлікте тегін жүріп, жұмыспен қамтылып, баспана жағдайын реттей алады. Бұл ақпаратты Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Үкіметте айтып берді. Жиында білім, денсаулық саласындағы қолға алынатын шаралар да сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Президенттің «Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартыңдар» деген тапсырмасына Үкімет мүшелері бірден кіріскен сияқты. Енді бірінші сыныптан төртінші сынып оқушылар тегін тамақтанады, бала мен оның анасының қоғамдық көлікте жүруіне жасалатын жеңілдіктермен, оқу киімімен және құралдарымен тегін қамтамасыз етіледі. Бірақ осының бәрі еліміздегі тек «аз қамтылған отбасы» санатына кіретіндер үшін жасалмақ. Атауы –«Бірыңғай әлеуметтік қызметтер пакеті». Жалпы, жеңілдіктердің 9 түрі осы пакетке кірмек. Бердікбек Сапарбаев басқаратын министрлік 830 мың адам бар екенін есептеп те қойған.  

«Осы уақытқа дейін14849 теңге көмек беріліп келсе, қазір бұл сома 20789 теңгеге көбеяді. Бұл көмекті 570 мың адам алып келсе, енді ол көмекті кемінде, 830 мың адам алады. Мысалы, 4 баласы бар ана қанша алатынын есептеп берді. Қазір ол кісі 60740 теңге алса, жәрдемақының жоғарылауына байланысты 103945 теңге алатын болады. Егер ол кісілердің табысы күнкөріс деңгейінен төмен болса, қосымша тағы да жәрдемақы алады, яғни ол кісілердің табысы 114 449 теңге болады», – деп түсіндірді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек САПАРБАЕВ.

Бердібек Сапарбаев аталмыш көмекті алу үшін ел азаматтары толған қағаздардан құтылатынын айтты. Енді мемлекеттің көмегіне жүгінетіндер тек арнайы орындарға жеке куәлігімен келіп, жәрдемақыға қол жеткізе алады. Жиынға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та қатысты. Ол қоластындағы 225 мың медицина қызметкерінің жалақысын ұлғайтпақ екен. Нақты кімнің айлығы артатынын жеке баяндады. 

«Осы тапсырма бойынша бүкіл мейірбикелердің, төменгі деңгейдегі медициналық қызметкерлердің жалақысын 1 шілдеден бастап 30%-ға көтереміз. Сонымен қатар, кейбір жоғары сұраныстарға ие дәрігер мамандар, алғашқы медициналық көмек беру, учаскелік дәрігер, педиатрлар, сонымен қатар, перзентханада жұмыс істейтін акушер-гинекологтар, жедел жәрдем дәрігерлердің жалақысын көбейтуді жоспарлап отырмыз. 1 шілдеден бастап 225 мың медициналық қызметкердің жалақысы көбейеді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Жаңа Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова да жалақыға тоқталды. Оған сенсек, саладағы кейбір қызметкерлердің алар ақшалары дифференциалды түрде 30 пайызға артады.  

«Ең бірінші техникалық қызметкерлер, яғни еден жуушылар, сантехниктер, электрик, күзетшілер қарастырылады. Бұлардың қатарында педагогикалық қызметкерлер де бар. Олар: тәрбиешілер, тәрбиешілердің көмекшілері, балабақшалар мен колледжердің психологтары. Қазіргі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, қызметкерлердің санаттарын және болашақта алатын жалақыларын есептейтін жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Күләш ШӘМШИДИНОВА.

Айта кетейік, жаңа Үкіметтің қызметке мұншалықты қызу кірісуіне Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінде берген тапсырмалары түрткі болды. Сондықтан премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әдбіқалықова халықтың назын тыңдау үшін жақын арада елді араламақ. Министрлер үш айдың арасында батыс, шығыс, солтүстік пен оңтүстік өңірлерге кезек-кезекпен ат басын бұрмақ.  

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана  



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир