|
16.01.2020 | 21:36
5318

Ким Серікбаев 86 жасқа толды

Ким Серікбайұлы 75 жасында докторлық дәрежені қорғаған

Ким Серікбаев 86 жасқа толды

Қазақтың қаһарман ұлы. Әскери салаға 40 жылға жуық уақытын сарп еткен арда азамат Ким Серікбаев биыл 86 жасқа толды. Ақсақал қарттыққа қарамастан соңғы 13 жылдан бері Медеу ауданының ардагерлер кеңесін басқарып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сексеннің сеңгіріне қарай бет алған қария әлі күнге дейін ширақ. Ким Серікбайұлы 75 жасында докторлық дәрежені қорғаған. Қазіргі қызметтегі басты міндеті - Ұлы Отан соғысы ардагерлерін ардақтау деп біледі.

80-ді еңсеріп, 90-ға қарай қадам басқан Ким Серікбаев әлі күнге дейін сергек. Таңнан кешке дейін Медеу ауданындағы 27 мың зейнеткер мен 34 Ұлы Отан соғысы ардагерінің қамын ойлап зыр жүгіріп жүр. Тек, көңілге қаяу салатыны қаһармандардың бірінен кейін бірі бақилық болып жатқаны дейді. Қазір көзі тірі қариялардың алды 97 жасқа келген. Ким Серікбаев оларды тек Жеңіс күнінде емес, күнде ұлықтасақ та артық болмайды деген ой айтты. Ал Жеңістің 75 жылдығы аясында ауданда кешенді жоспар жасалып, мереке жоғары деңгейде тойланады.

«Бүгін 34 ағамыз-апамыз бар майданға қатысқан. Негізгі мақсатымыз - солардың қамын ойлап, 75 жылдық тойға жеткізейік. Оның бер жағында жеңісті бізге әкелген тек қана майданға қатысқан адамдар емес, тыл да жұмыс істеген олардың да жастары қазір 85-86-ға келіп қалды. Біздің ауданда 2600 адам бар сондай. Негізі жұмыс солардың қамын ойлау, солардың жағдайын ойлау. Шама келгенше әлеуметтік жағдайын көтеру», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әскери ғылымдар докторы, профессор Ким СЕРІКБАЕВ.

Ким Серікбаев Қазақстанда әскери ғылымның негізін қалаушы ғалым. 180 ғылыми еңбектің авторы, 3 дәрежелі "КСРО Қарулы күштерінде Отанға қызмет еткені үшін" орденімен марапатталған. Биыл полковник шенін алғанына 43 жыл толады.

«Әрине, әр әскери адам генерал болғысы келеді. Жұмысым, абыройым әскер де, одан да кейін де ешкімнен кем болған жоқ. Бірақ генералға жете алмай қалдым. Өкінбеймін. Өйткені, осы Қазақстан әскерлерінің генералдарының бәрі менің шәкіртім деп айтуыма болады. Әр уақытта жұмысты адал істеуге тырыстым. 54 жасымда зейнетақыға шықтым. Одан кейін де жұмысымды жалғастырдым. Көп жылдары айтып отырмын, әскер маман дайындаумен, әскери ғылыммен айналыстым», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әскери ғылымдар докторы, профессор Ким СЕРІКБАЕВ.

Қорғаныс саласының ардагері жастарға әскери борышын өтеуге 1 жыл аздық етеді дейді. Қару-жарақ асынуды үйреніп, елге қызмет етемін дейтіндерге кемінде 2 жыл қажет. Ал ұзақ жасағысы келгендер жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануы тиіс деген кеңес берді.

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир